Басты Жаңалықтар Көкшетауда балалар әдебиетінің апталығы өтті

Көкшетауда балалар әдебиетінің апталығы өтті

Көкшетаудағы №20 мектеп-гимназиясында Халықаралық балалар кітабы күніне орай әдебиет апталығы өтті. Бүл күні оқушылар кітаптар жәрмеңкесіне қатысып, әдеби кейіпкерлер байқауы мен түрлі челлендждер ұйымдастырды. Сондай-ақ әдеби шығармаларды жасанды интеллектінің көмегімен визуализациялап, талдады.

5-сыныптың оқушылары Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Анасын сағынған бала» әңгімесін комикс арқылы жаңаша форматта меңгерді. Осылайша жасанды интеллект шығарманың басты кейіпкерлерін, олардың эмоционалдық күйлерін визуализациялауға мүмкіндік беріп отыр.

Дария Мырзабек, 5-сынып оқушысы:

Комиксті көргенде мен оның мазмұнын тез түсінемін, бұл шығарма баласы анасын қатты сағынғаны туралы айтылған. Негізі комикс арқылы көргенде мидың 50-60 пайызы оны көз арқылы тез жетеді миға және оны түсіну өте оңай болады.

Комикс арқылы талдау әдісі оқушылардың шығарманы тереңірек түсініп, әдебиетке деген қызығушылығын арттырады, дейді ұстаздар.

Ақерке Мұрат, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

«Жасанды интеллект жылы» болып тұр. Сол себепті балалардың қызығушылығын ояту мақсатында, олардың сөздік қорын байыту мақсатында, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту – біздің мақсатымыз. Соған орай мен өзім қазақ әдебиеті сабағында барлық сыныптарда комикс арқылы шығарманың, әңгіменің жалпы желісін, мазмұнын меңгерту әдісін қолданып жүрмін.

Мектеп кітапханасында бүгінде 1100-ден аса балалар әдебиетінің қоры жинақталған. Ал, кітапханашы мен ұстаздар балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, түрлі байқаулар ұйымдастырып отырады.

Ақнұр Ділмұқаш, №20 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Біз оқушылар арасында «Кім көп кітап оқыды?» акциясы бар, кішігірім сыйлықтарды дайындаймыз. Үйге тапсырма беріп отырамыз. Үйлерінде де кітапты көбейту мақсатында жұмыс істеп келе жатырмыз.

«Келешек» мектебінде балалар бір-бірімен әдебиет алмасып, оқыған кітаптарын мазмұндап, ой бөлісіп отырады. Ол үшін кітапханада арнайы күндер белгіленген.


Бөлісу