Басты Жаңалықтар Шетелдегі айыптұрақтары ақылы ма?

Шетелдегі айыптұрақтары ақылы ма?

Астана мен Алматы да айыптұрақтары ақылы болатыны айтылғалы елдің пікірі екіге жарылды. Бірі жаңа талап жолдағы тәртіпті сақтауға септеседі десе, енді бірі керісінше қалтаға салмақ түседі деп алаңдайды. Ал шет елдердегі тәжірибе қандай? Сюжеттен көрелік.

Енді тұраққа дұрыс қойылмаған көлікті жауапты орган арнайы техникаға тиеп алып кетсе, айыппұлмен ғана шектелмейсіз. Эвакуатор қызметіне, сондай-ақ айыптұрағына да ақы төлейсіз. 23 сәуірден бастап жаңа ереже күшіне енбек. Айыптұрағындағы алғашқы 3 сағат тегін. Одан соң әр минут үшін ақша есептеледі.

Сымбат Төребекова, қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының бас маманы:

Қарапайым жүргізушілерге ең үлкен жеңілдік ол дұрыс тұрақтау. Сонда ешқандай қосымша шығын болмайды. Яғни жиналған қаражат қаладағы тәртіпті сақтауға  және қызметтің сапасын жақсартуға жұмсалады. Егер эвакуация заңсыз болса немесе дұрыс жасалмаса, жүргізуші біздің жол қозғалысын басқару ұйымдастыру орталығына өтініш береді.

Шет мемлекеттер де тәртіпсіздерді осылай тезге салып отыр. Анадолы елінде айыптұрақтар бұрыннан ақылы. Тіпті Түркияда эвакуатор көлікті тиеген сәттен бастап пұл есептеледі. Ұлыбриятанияда да осыған ұқсас жүйе көптен бері жұмыс істейді және әлдеқайда қатаң.

Дэниел Барнетт, автосарапшы:

Тиісті органдар айып тұрағына әкетсе, көлік иесі бірнеше айыппұл арқалайды. Олар: көлікті ретсіз жерде қалдырғаны үшін және эвакуатор қызметі, сондай-ақ айыптұрағында күн сайын сақтағаны үшін алынатын алым бар. Лондондағы аудандық мэриялар алдымен есептелген барлық соманы толық төлеуді талап етеді. Жүргізуші жеке басын және көлікке меншік құқығын растағаннан кейін ғана техника иесіне қайтарылады.

Таяқтың екі ұшы бар екені белгілі. Кей жүргізушілер мемлекеттік айып тұрақтарын тегін көлік орны ретінде пайдалануды әдетке айналдырған.  Яғни, азаматтар мүлкін мемлекетке күзеттіріп қояды. Көбінесе мас күйінде ұсталып, жүргізуші куәлігінен айырылғандар және мотоцикл иелері қыс маусымында жүрмейтіндіктен, осындай құйтырқы әрекетке баратын көрінеді. Бірақ сарапшы жүгенсіздік жүйелейміз десек, алдымен айыппұлды да көлік класына қарай қарыстыру керек дейді.

Шыңғыс Құдайбердиев, автосарапшы:

Өйткені 3 АЕК күндігіне, ары қарай 5 АЕК, ол өте біздің қалтамызға ауыр тиеді. Өйткені бір күндігі 20 мың теңгеден асып кетеді. Сол себепті, өзіңіз ойлаңыз, 1 ай машинаңыз тұрса, 20 мың теңгеден сізде 600 мың теңгедей болады. Сіздің автокөлігің мүмкін 600 мың теңге тұратын шығар.

Расында, көп көлік  айыптұрағындағы көне жәдігерге айналып барады. Тұрғанына 10 жылдан асқандары да бар.  Енді бұл қадам аумақты қаңтарылып қалған темір-тұлпарлардан тазартуға, сондай-ақ жолдағы келеңсіздіктерді азайтуға бағытталған, дейді жауаптылар.


Бөлісу