Көмірден дизель өндіретін жобалар іске асады
Қазақстан көмірді тек қазып қана қоймай, жанармай шығаратын елге айналады. Қара алтыннан дизель өндіретін жобалар іске асады. Қазір 2026–2030 жылдарға арналған көмір генерациясын дамытудың ұлттық жобасы қолға алынды. Мемлекет басшының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы. Осының аясында 8 жаңа электр станциясын салу және 11 станцияны жаңғырту жоспары бар.
Алматыда ең ірі жылу орталықтары көмірден газға көшірілуде. Бұл жай ғана жаңғырту емес, бұл — алматылықтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзгеріс. Қарапайым тілмен айтсақ, бұрын көмір жағылды, түтін, ауа лас болды. Енді газ қолданылады, түтін азайып, ауа тазарады. Тыныс алу жеңілдейді, халықтың денсаулығына оң әсерін тигізеді. Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басшылығына жұмысты созбай, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Маған жұмыс қарқыны төмендеп кетті деген ақпарат түсті.
Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
Жұмысты үш сменалық мерзімге көшіру тапсырмасы берілді. Қысқа мерзімде мердігер 1,5 мың адамдай шығару керек. Осы айдың аяғында, мамыр айының басында. Ал жабдықтар құрылыс алаңына жеткізілді.
Алайда Үкімет басышысы бұл жауапқа қанағаттанбады. Өзінің бірінші орынбасарына тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Роман Васильевич, іс басына барып тексеріңіз, сосын нәтижесін баяндаңыз. Объективті ақпарат керек.
Екібастұз, Курчатов, Семей, Өскемен және Көкшетау. Осы бес қалада ірі электрстанциялар салынады. Мәселен, Абай облысында энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделген. Мақсат - энергия тапшылығын жою.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
Жалпы, облыста көмір генерациясын дамыту үшін келесі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Біріншіден, жылу қуаты 1000 Гкал болатын электр қуаты 360 МВт болатын Семей қаласындағы ЖЭО-3 құрылысы. Жобаның басталуы биыл, ал аяқталуы 2029 жылдың соңына жоспарланған.
Самал Қабышева, тілші:
Елімізде көмір қоры кеңейеді. Барлау жұмыстары қарқын алады. Жыл соңына дейін Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Абай облыстарында орналасқан шамамен 10 учаске аукционға шығарылады.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
Бұл ретте саланы одан әрі дамыту көмір өңдеу тереңдігінің ұлғаюымен, жаңа инвестициялар тартумен, өндіруші өндірістерді технологиялық жаңғыртумен және көмір химиясы бағытын дамытумен байланысты болады.
Самал Қабышева, тілші:
Павлодар мен Қарағандыда көмірден дизель өндіретін жобалар іске асады. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті. Яғни көмірден отандық жанармайды шығарамыз. Бұл - импортқа тәуелділікті азайтып, жанармай бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік. Қазақстан - көмір қоры бойынша әлемдегі ТОП-10 елдің бірі. Мамандардың есебінше, қазіргі қарқынмен өндірілсе, бұл ресурс елге 300 жылдан астам уақытқа жетеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы