Жоғалған балалар бірнеше күннен бері табылмай жатыр
Бала жоғалу дерегі жиіледі. Түркістан облысында 8 жастағы жеткіншекті жақындары 23 наурыздан бері шарқ ұрып іздеп жатыр. Ақтөбенің Мәртөк ауданында да он жастағы бала тоғыз күннен бері табылар емес. Ол да өзен жағасында ойнап жүріп, жоғалып кеткен. Іздестіру жұмыстары әзірге нәтижесіз.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Біз қазір Елек өзенінің жағасында тұрмыз. Бұл жер мен ауылға дейінгі аралық бес шақырым шамасы. Бала осы маңда жоғалған. Дегенмен одан бері іздеу аумағы ондаған шақырымға ұлғайтылды.
Сарыжар ауылындағы мектеп оқушысынан жақындары 29 наурыз күні көз жазып қалған. Тұрғындардың айтуынша, ол өзге балалармен бірге велосипедпен өзен жағасына барып, ойнап жүрген. Сол сәтте аяғы тайып, абайсызда суға құлап кеткен. Полицейлер, құтқарушылар мен еріктілер айналаны түгел шолып шықты.
Оразғали Қыдыров, Сарыжар ауылының тұрғыны:
Жағдай қиын, не істейміз... Әке-шешесіне де қиын. ТЖҚ іздеп жатыр. Қолдарынан келгенше халық көмек беріп жатыр. Халыққа да рахмет.
Іздестіру жұмыстарына үш жүзге жуық адам, 47 техника, тікұшақ пен жерден басқарылатын ұшу аппараттары тартылды. Құтқарушылар өзен жағалауындағы жүз шақырымға жуық аумақты шолып шықты. Судың лай болуы сүңгуірлердің жұмысына кедергі келтіріп тұр.
Аслан Арзымбетов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
Іздестіру жұмыстары басталғалы сүңгуірлер суға 300 рет түсті. Су айдынының 30 шақырымнан астам аумағы зерделенді. Іздестіру жұмыстарына судың лай болуы, ағыстың жылдамдығы және қалың қамыс кедергі келтіріп жатыр. Іздеу жұмыстары жалғасады.
Түркістан облысындағы Келес өзеніне ағып кеткен 8 жастағы бала 23 наурыздан бері табылмады. Ол ойнап жүріп, арыққа құлаған. Одан әрі ағыс алып кеткен. Екі аптаға созылған іздеу-құтқару жұмыстарына 13 техника мен 300-ге жуық адам жұмылдырылды. Көмекке Республикалық «Барыс» жедел-құтқару жасағы да арнайы келді.
Оразгелді Дүйсен, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
Арнайы штаб құрылып, штабқа ТЖД, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері және еріктілер бірлесіп, іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Департамент тарапынан 4 қайық жұмыс жасауда. Және де ұшқыш ұшу апаратымен 50 шақырым жерді өзен арналарын барлау жұмыстары жүргізілуде.
Қарағанды облысының Абай қаласында да 13 жастағы оқушы жоғалды. Әскерилер мен еркітілер жұмылды, тіпті тікүшаққа дейін тартылды. Иен далада түнеп қалған бала арада 16 сағат өткенде аман-есен табылды. Ал өрендері Келес пен Елек өзендеріне кеткендердің өкінішінің өтеуі қиын. Сондықтан мамандар бала қауіпсіздігіне барынша мән беру қажеттігін ескертеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы