Басты Жаңалықтар Қостанай облысындағы диқандар әулеті бәріне үлгі болып отыр

Қостанай облысындағы диқандар әулеті бәріне үлгі болып отыр

Қостанай облысының Қарасу ауылында жарты ғасырға жуық қара жерге дән сеуіп, егіншілікті ата кәсіп еткен диқандар әулеті тұрады. Данияровтар отбасында бұл кәсіп атадан балаға қалатын аманат. Адал еңбектің қадірін білетін жанұя жайында келесі бейнеметариалдан көріңіз.

Осыдан 30 жыл бұрын 200 гектар ғана жерге егін егіп, шаруа бастаған алқаптың аумағы бүгін 5 мыңға жетті. Тимур мұны әкесінің қажыр-қайраты, ісіне деген адалдықтың арқасы деп біледі. Әкесі Андрей Данияров та ата жолын жалғаған диқан. Бүгінде бабаларының маңдай тері сіңген, ырысы мол жердің несібесін ұрпағы да көріп отыр.
Тимур Данияров, диқан:
Диқан үшін әр күн маңызды. Бүгін салғырттық танытсаң, ертең шығынға ұшырайсың. Сондықтан ауру-сырқау, шаршағанға қарамастан, алқапты аптасына бір аралап шығып, өз көзіңмен көруің керек. Бұрын әкем солай істейтін.
Мол әрі құнарлы өнім алу үшін тұқымның жайын жақсы біліп, жердің бабын табу керек. Тимур үшін соңынан ерген екі ұлы да жас өскін. Сондықтан егістіктің тіршілігіне екеуін де ерте араластырған. 
Тельман Данияров, ұлы:
Диқанның жұмысы маған өте қызық. Ол үшін еңбекқор болу керек. Әкемізбен алқапты жаяу аралаймыз. Әдетте бұған 2 сағаттай уақыт кетеді. Бидай, күнбағыс алқаптарын қарап шығамыз. Ауру жұқпады ма екен деп бақылаймыз.
Бүгінде шаруашылық жылдан жылға кеңейіп, дамып келеді. Ондаған адам тұрақты жұмыс істеп, табыс тауып отыр. Бидайдан бөлек күнбағыс, бұршақ және жасымық сынды майлы, дәнді дақылдың түр-түрі егіледі. Былтыр әр алқаптан 30 центнерге жуық өнім алған. Кәсіпті ілгерілетуде озық технологияның да үлесі бар дейді ол.
Тимур Данияров, диқан:
Бізде өзі жүретін бүріккіштер бар. Барлығы автопилотпен, GPS жүйесі арқылы жұмыс істейді. Тіпті телефон арқылы олардың қозғалыс бағытын, жұмыс траекториясын қашықтан бақылап отыра аламын. Мұның бәрі – заманауи технологиялардың жемісі. Дрондардың көмегімен де алқапты десикациялауға болады.
Қарасу – облыстағы егіс алқабы ең үлкен аудан. 500-ден аса шаруа қожалығы бар. Биыл 800 мыңға жуық аумаққа дән себіледі. Ал Тимурдың алға қойған ендігі мақсаты – жер игеру ісіне жасанды интелектіні енгізу. Бұл істі ержеткен соң қос қолқанаты, ұлдары да қолдаймыз, ата жолын жалғаймыз дейді.


Бөлісу