Басты Жаңалықтар Суды үнемдеп, өнімді еселеген тәсіл

Суды үнемдеп, өнімді еселеген тәсіл

Суды үнемдеп, өнімді еселеген тәсіл. Жылдан жылға су тапшылығын сезінген түркістандық шаруалар біртіндеп тамшылатып суару әдісіне көше бастады. Бұл тәсіл өнімділікті де арттырады дейді диқандар.  Бүгінде бұл жаңашылдықты дамытуға мемлекеттен 31,3 млрд теңге бөлініп отыр. Бағдарламаға сәйкес әр гектарға 800 мың теңге қарастырылған.

Жетісайлық шаруа Алым Дианов үлеске алған бес гектар жеріне жылда қырыққабат егеді. Соңғы үш жылда диқан тек тамшылатып суару әдісін қолданады. Айтуынша бұл технология тек суды ғана емес, сондай-ақ тыңайтқыштарды да үнемдеуге мүмкіндік береді. Жұмыс күшін де қажет етпейді. Яғни шығын аз, өнімділігі жоғары. Гектарына 40 тоннаға дейін қырыққабат жинап алатын болған. 
Алым Дианов, шаруа:
Бес гектарға бес тонна селитра кететін бұрын. Қазір мына тамшылатып суарғаннан кейін ары кеткенде екі тонна, болмаса бір жарым тонна селитра кетеді. Витаминдері де осы, гектарына бір қап кетеді. 
Ал Мақтаарал ауданының диқандары ерте пісетін қырыққабаттың алғашқы өнімін нарыққа шығарды. Шаруа қожалықтардың бірі кәріс селекциясына жататын «Пекинка» сұрпын өсіріп, алғашқы өнімін Ресей Федерациясына экспортқа жөнелтті. Қожалық басшысы Сейсенбай Мұсылманқұловтың айтуынша, шаруашылыққа тиесілі 9 гектар жердің 4 гектарына қырыққабат дақылы егілген. Егіс барысында заманауи тамшылатып суғару технологиясы қолданылып, өнімділікті арттыруға ерекше мән берілген.
Сейсенбай Мұсылманқұлов, шаруа:
Наурыздың 5-де еккенбіз, міне жинап жатқан жайымыз бар. бұдан бөлек, домалақ та қырыққабаттарымыз бар. Тамшылатып суару жүйесімен биылдан бастап егіп жатырмыз. Алдыңғы жылдары арықпен суаратынбыз. Онда су шығыны көп болатын. Жинаған өнімдерімізді Қазақстанның ішіне одан басқа Ресей мен Беларусияға жіберіп жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару әдісі өнімділікті 2,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал су шығыны керісінше 1,5-2 есеге азаяды. Сондықтан өңірде су үнемдеу технологиясын қолданудың тиімділігін ұғынып, оны жүзеге асырғысы келетіндердің қатары артып келеді.
Нұрбол Маратұлы, Түркістан облыстық а/ш басқармасы су ресурстар бөлімінің басшысы:
Қазіргі таңда 114 мың гектарға жуық енгізген алқап бар, су үнемдеу технологиясын. Биылғы жыл Мақтарал, Шардара, Жетісай аудандарында. Бізде негізгі ағын судың 63 пайызы трансшекаралық өзендер мен каналдарға тәуелді. Ол Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келеді. Осыған байланысты осы төменділікті азайту мақсатында басымдылықты осы үш ауданға беріп отырмыз.
Бүгінде облыстағы суармалы жер көлемі 575 мың гектарды құрайды. Бұл республикадағы суармалы алқаптың төрттен бір бөлігі. Биыл тағы 50 мың гектарға су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланып отыр. Мамандар тиімді тәсіл алдағы уақытта ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі тетігіне айналатынын айтады.


Бөлісу