Басты Жаңалықтар Жамбыл жолдарын жаңғыртуға ₸35 млрд-тан аса қаржы бөлінген

Жамбыл жолдарын жаңғыртуға ₸35 млрд-тан аса қаржы бөлінген

Биыл елімізде Президент тапсырмасымен 11 мың шақырым жол жөнделеді. Бүгінде «ҚазАвтоЖол» тарапынан республикалық маңызы бар тасжолдарда орташа және күрделі жөндеу жұмысы басталды. Әсіресе еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жұмыс қызу. Бұл бағытта Жамбыл жолдарын жаңғыртуға 35 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Данияр Әлімқұл транзиттік автодәліздің күрделі жөндеу жұмысын көріп келді.

Жамбылдың жолдары жазық даланы тіліп өтеді, тау үстіне де төселген. Соның бірі Жуалы жеріндегі «Ескі Күйік» асуы. Шымкенттен шығып, Таразға тартатындар осы жолмен ары қарай Алматы асады. Көрші мемлекеттердің де көліктері көп қатынайды.
Данияр Әлімқұл, тілші:

Міне, тау үстінде тақтайдай тегіс жол төселіп жатыр. Енді «Ескі күйік» асуы арқылы ауыр жүк көліктерінің жоғарыға қатынауы жеңілдейді. Қыста қиналмайды, жазға салым да қозғалтқышы қызып кетпейді. Бастысы қауіпсіз жол елдегі көлік логистикасының дамуына дем береді.
Дәл осы жол тәуелсіздік алғалы күрделі жөндеу көрмеген еді. Былтыр 12 шақырымнан асатын автожолда құрылыс қарқын алып, бүгінде жұмысы 75%-ға аяқталды.
Кәмілжан Шаһрух, жүк көлігін жүргізуші:
Отбасымызды осы жолмен асырап жатырмыз ғой. Жолда қалып қоя беретін едік. Ұңғыр-шұңғыр еді, жүріп болмайтын.  Көлігіміз жиі бұзылатын, енді бұлай болып жатқан жоқ. Жөнделгені дұрыс болды, пайдасы тиіп жатыр.
Тәулігіне 20 мыңнан астам автокөлік қатынайтын асу бойына апаттық тұйық пен 15 су өткізгіш құбыр салынып жатыр. Қазір 40-тан астам техникасын сайлаған 80 адам жол жабынының жоғарғы қабатын бітіруге таяп қалды.  
Жамал Оғылмүш, жол учаскесінің басшысы:
Бірінші қабат асфальт 12 см, екінші қабат асфальт 10 см, үшінші қабат асфальт 5 см болады. Бірінші, екінші қабат арасына геотор жасаймыз. 66 мың текше метр материал асфальтқа кетеді.
Бұдан бөлек «Шу – Қайнар» автожолының 56 шақырымы да күрделі жөнделіп жатыр. Президент пәрменімен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы орташа жөндеу жұмысына да кіріскен.
Дәурен Әміренов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:
Облыстың автожолдарын жөндеу жұмысына жалпы есепте 35,4 млрд теңге бөлінді. Оның 26 млрд-ы күрделі жөндеуге жұмсалады. 7 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған «Ескі Күйік» асуын биыл аяқтаймыз. Ал 4 жоба бойынша облыста 84 шақырым автожол орташа жөндеуден өтеді. Бүгінде 30 шақырымын аяқтадық.
Бұл бағытта Қарасу-Масаншы-Сортөбе автожолы мен «Жаңа Қордай» асуы жүргізушілерге жайлы болмақ. Айта кетейік, аймақтағы 1 225 шақырымды құрайтын республикалық автодәліздің 96% талапқа сай. «ҚазАвтоЖол» 2027 жылға дейін 100%-дық межеге жетеміз деп отыр.


Бөлісу