Абай облысына Премьер-министр Олжас Бектенов іссапармен барды
Бүгін Абай облысына ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов барды. Сапар аясында «Семей орманы» резерваты аумағында табиғи өрттің алдын алу бойынша оқу-жаттығуға қатысты. Үкімет басшысы Алакөл туристік аумағын дамытудың кешенді жоспарымен танысып, Семей қаласы әкімшілік іскерлік орталығын дамыту жобаларын көрді. Сондай-ақ Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді.
Үкімет басшысы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында орманды қорғау мен сақтаудағы заманауи цифрлық технологиялардың енгізілуін тексерді. Шара кезінде табиғи өрттердің алдын алу және ерте анықтау жүйесі таныстырылды. Жалпы аумағы 656 мың гектардан асатын орман алқабында заманауи бақылау жүйесі енгізілген. Қазір мұнда 510 мың гектарды қадағалайтын 37 бейнекамера жұмыс істейді.
Жаттығу кезінде шартты өрт ошағы әдейі тұтатылып, жүйенің оны қаншалықты жылдам анықтайтыны көрсетілді. Мамандар орманды өрттен қорғауға қажет техника толықтай жаңарғанын айтады. Тек өткен жылдың өзінде Семей орманы резерватына лизингтік қаражат есебінен 39 жаңа өрт сөндіру автокөлігі, 26 шағын орман өрт сөндіру кешені мен 10 трактор алынған.
Нұржан Бекенов, «Семей орманы» табиғи орман резерваты директорының орынбасары:
Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы үлкен өрттен кейін 2026 жылға дейін Семей орманы аумағында техникамен жабдықтау 100 пайызға қамтылды. Өрт бақылау мұнарасы бар. Өрт өшіру маусымында тәулік бойы кезекшілік өткізеді. Одан басқа екі тікұшақ бар.
Премьер-министр сапары аясында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері қаралды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Биыл жаз мезгілі ыстық болады деп күтілуде. Бұл өрт қаупін арттыра түседі. Ол түсінікті. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы керек. Сондықтан табиғатты қорғау, орман мекемелері мен өрт сөндіру бөлімшелерін қазірден бастап жоғары дайындыққа келтіру қажет.
Биыл жыл басынан бері еліміздің орман алқаптарында 36 өрт тіркелген. «Қазгидромет» болжамына сәйкес сәуір айының екінші жартысында оңтүстік және батыс өңірлерде ауа температурасы +25...+35°C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты табиғи өрттер қаупін азайту жөніндегі республикалық іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып, орман және табиғатты қорғау мекемелерін техникалық жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Министрліктің «Тұран» жедел штабы мүдделі қызметтермен бірлесіп интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы өрт жаңдайына тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Осылайша күштер мен құралдар бір орталықтан басқарылады. Бұл шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, ден қою тиімділігін күшейтеді. Әр өңірде әуе жасақтары құрылды.
Сапар аясында Үкімет басшысы Абай облысын дамытуға арналған жобалармен де танысты. Алакөл туристік аумағы енді 300-ден 3 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Демалыс аймағы тәулігіне 75 мың туристі қабылдауға қауқарлы болмақ.
Тек Алакөл жағалауының инфрақұрылымын жақсартуға биыл 10 млрд теңге бөлінген. Ал Семей қаласында Әкімшілік іскерлік орталық жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. 1 мың гектардан асатын аумаққа алдағы үш жылда 75 мың адамға арналған тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әлеуметтік, коммерциялық және әкімшілік нысандарды салу қарастырылған.
Премьер-министр «Агролидер KAZ» ЖШС аумағында бұршақ және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытының жұмысын көріп, дайын өнімді сертификаттау зертханасын, өндірістік цехтер мен технологиялық желілерді қарап шықты. Кәсіпорынның қуаты жылына 72 мың тонна шикізат пен 160 тонна дайын өнім шығаруға жетеді. Сапар соңында Семейдегі құрылысы аяқталған Оқушылар сарайының дайындығын тексерді. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайтарылған активтер есебінен салынған. Сарайда ғылыми-техникалық, шығармашылық және спорттық бағыттар бойынша қосымша білім алуға жағдай жасалған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы