Қостанайда IT BraAInStorm интеллектуалды ойыны өтті
Қостанайда оқушылар арасында IT BraAInStorm интеллектуалды ойыны өтті. Сайысқа барлығы 7 мектептен 40-қа жуық қатысушы келген. Технологияның тілін жетік меңгерген жеткіншектер өзара бақ сынасып, білім бәйгесінде кім мықтыны анықтады.
10-сынып оқитын Алдияр Құсайынов бірнеше байқаудың жүлде иегері. Ол күн жүйесінің 3D моделін жасап, виртуалды әлемге айналдырыпты. Бүгінгі зияткерлік ойында да асығы алшысынан түседі деп үміттенеді.
Алдияр Құсайынов, оқушы:
Көзілдірік киіп, джойстик арқылы ғаламшарларды қарауға болады. Бұл жобаны жасау үшін 2-3 апта кетті. Біз ағаймен, балалармен бірігіп жасадық. Әрбір планеталарға ЖИ қолданылған. Оларға өзіңнің қызықтыратын сұрақтарды қойып, жалпы өзіңе ақпарат алуға болады.
Әділет Назарбек, оқушы:
Өткен жылы Eva 3 роботын бағдарламалап, LegoMindstorm құрастырдық. Осы жылы бізге жаңа топтамалар келді. SpikePrime деген. Оның сенсоры мен моторына қарап, біз оған бағдарлама құрамыз.
Жалпы ойында ЖИ, робототехника мен техноалыпқа айналған компаниялардың тарихы туралы сұрақ қойылды. Сондай-ақ тақырыптық раундтар бойынша оқушылар логикалық есеп шығарып, түрлі тапсырма орындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат олардың аналитикалық қабілетін дамытып, ой қарышын кеңейтеді.
Эрик Бусыгин, Qostanai Hub орталығының өңірлік менеджері:
Qostanai Hub есігі бәріне ашық. Жас ерекшелігіне қарамастан оқушылар да, студенттер де келсе болады. Біз оларға өз жобаларын жасап, жүзеге асыруға көмектесеміз. Алдымен StartUp жобаны бастау жолын үйретіп, түрлі байқауларға қатысуға мүмкіндік береміз.
Жалпы облыста оқушылардың ІТ саласына қызығушылығы артып келеді. Оның ішінде «Келешек мектептерінің» үлесі зор. Ұлттық жоба аясында бой көтерген 6 білім беру ошағында бүгінде 4500-ге жуық бала білім алып жатыр. Арнайы робототехника үйірмесінде оқушылар код жасаудың әліппесін үйреніп, сандық саланың қыр-сырымен танысады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы