Басты Жаңалықтар Интернет алаяқтық: Кең тараған схемалар мен сақтану жолдары қандай?

Интернет алаяқтық: Кең тараған схемалар мен сақтану жолдары қандай?

Полиция алаяқтардың eGov.kz электронды үкімет порталын инструмент қылып бастағанын хабарлады. Жұрттың электронды берілетін мемлекеттік қызметтерге деген сенімін пайдаланып тұр. Мақсаты сол — азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізу.
Мобильді телефонға түсетін хабарлама мемлекеттік байланыс орталығынан-мыс. Онда айыппұл белгіленгені жазылып, сілтеме арқылы өтіп төлеу ұсынылады. Сілтеме eGov порталына ұқсайтын сайт ашады. Шын мәнінде — жалған сайт. “Төлеу” түймесін бассаңыз болды, банк картасының дерегін сұрайды. Сосын “іс бітті — қу кетті”.
Тапа-тал түсте ақшадан айырылу ресми дерек бойынша азайғанымен, анау айтқандай жақсарып кетпегенін біліп отырмыз.
Осы аптада ғана бір азаматтың депозитіндегі 20 млн теңгесінен айырылғанын естідік.
Телефон алаяқтарының ылаңын ауыздықтау үшін түсіндіру, ескерту, ағарту жұмыстары иә, азды-көпті жүргізіліп жатыр. Иә, сезінетіндей азайту — технологиялардың зымырандай заулаған дәуірінде өте-мөте қиын.

Алаяқтар үшін гуманизм ұғымының мән-маңызы жоқ. Аурусың ба, саусың ба, санаспайды. Светлана Болатова – 30 жылдан бері психдиспансерлік тіркеуде тұрады.Жәбірленушінің осындай осал тұсын пайдаланған айлакерлер, 3 млн теңге рәсімдеп жіберген.

Светлана Болатова, Астана қаласының тұрғыны:

Банкке барған жоқпын, қол қойған жоқпын. Ешқандай биометрия берген жоқпын. 30 жыл мен жұмыс істемегенмін. Ешқандай зейнетақы аударымдарым жоқ. Денсаулығым 24 жылдан бері нашарлап кетті. Бала-шағам, туған туыстарымыздың қарым-қатынасы бұзылды.

Айлакерлердің енді бір тобыры өздері аурудың рөліне енеді. Ауыр халдемін деп ақша сұрайды. ІТ маман Даниял Ерланұлының айтуынша алаяқтар үшін мұндай бейнежазба жасауға бір ғана суретпен, 5 минут уақыт жеткілікті.

Даниял Ерланұлы, ІТ маманы:

Қазір алаяқтар кез келген адамның бетін ұрлап, ақша сұрауы мүмкін. Мысалы, менің ата-анамның бетін ұрлап, маған ватсапқа жазып, балам маған 10 мың теңге жіберші деп, осындай видео жібере алады.

Тек туған-туыстар емес, айлакерлер танымал адамдардың да атын жамылып, алдауға көшкен.

Бағдәулет Оспанбаев, Астана қаласы Есіл аудандық Полиция басқармасы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:

Соңғы 1-2 жылда дипфейк қатты дамуда. Себебі ЖИ, нейрожелі пайда болды Ютубтағы жарнаманың 90 пайызы дипфейк. Көптеген әйгілі азаматтарымыздың бейнероликтерін қолданады алаяқтар. Қазір ютубта Мұхтар Жакишев, Димаш Құдайбергеннің атынан, Михаил Ломтадзенің атынан неше түрлі бейнероликтер жасалады. Оның бәрі алаяқтық схемалар. 

Тіпті, атақты дәрігерлердің түр-тұлғасын айнытпай келтіріп, атауы түсініксіз дәрілер де сатқан.

Жақсылық Досқалиев, Медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Алаяқтар біздің елге емес бүкіл әлемге танымал профессор Ақшолақов, Профессор Пиа, профессор Байгенжин т.б солардың атын жамылып қазіргі соңғы технологияларды қолданып ЖИ даусын салып, кейбір дәрі-дәрмектерді алыңдар, ішіңдер деп алаяқтық жасап жатыр.

Иә, цифрлық технология дамыған сайын алаяқтардың да айласы түрленіп барады. Мысалы, әккі айлакерлер тамақтану орындарында жалған QR-код қалдырып, келушілердің картадағы ақшасын шешкен. Электронды кітаптар таратып, оны көшірген адамдардың жеке  деректеріне қол жеткізген. Қаскөйлердің тағы бір тобыры «үй кезегі келді», «пәтер кілтін жедел рәсімдеу керек» деген сылтаумен азаматтардан жеке деректерін сұрап, ақша талап еткен. Одан қалды компаниялардың, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орны басшыларының атын жамылған. Сәлемдеме келді деп сан соқтыратындар тағы бар. Тіпті біреудің банк картасын ешқандай кодсыз-ақ емін-еркін қолданатын болған.

Олжас Нұрбай, режиссер:

Менің әйелімнің атынан ақша шешіле бастайды. Үлкен емес, 2 мың, 3 мың, 4  мыңнан бастады. Қарасам Apple деп жазылып тұр фото-видео деген. Біз ойладық балалар бірдеңені басқан шығар деп. Сөйтсек қазіргі алаяқтар әртүрлі жолмен картаңнан Apple, Google, OPEN-AI деген жазулармен картаңнан ақша шешіле береді. 10 күннің ішінде картадан 50-60 теңге шешіліп қойды. 

Мамандардың айтуынша, жәбірленушілердің көбі жалған жарнамаға алданады, инвестициялық жобалар, табысты көбейту секілді ақпараттарға сенеді. Сенеді де 4 цифрлы кодты айтады және фишинг яғни жалған сілтемеге өтеді. Ал кибералаяқтардың ең көп қолданатын әдісі:

Бейбіт Біржанов,  ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс қимыл департаменті басқарма бастығы:

Ең көп тараған түрі – банк қызметкері атынан және құқық қорғау қызметкері атынан қоңырау шалу.

Дастан Ахмет, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы, Жарық орта мектебінің мұғалімі:

Өзім оқыған адаммын, қарапайым ауылдағы мұғаліммін. Маған ол қатты тиді.

30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Дастан Ахмет те былтыр қаскөйлердің тұзағына түсті. Ұйымдасқан топ байланыс нөміріңіздің мерзімі бітті деп алдап, қас-қағым сәтте 5 млн теңге рәсімдеп жіберген.   

Дастан Ахмет, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы, Жарық орта мектебінің мұғалімі:

Барлығының киімдері ҚР Елтаңбасы, Тумен кабинетте отырған ҰҚК адамдары. Олар сізге жылы сөйлейді. «Дастан, асықпаңыз», «Біздің қойған сұрағымызға нақты жауап беріңіз. Өйткені біз ҚР Ұлттық банк қызметкерлеріміз» деп сондай жылы сөздерді естігеннен кейін не істеріңді білмей қаласың. Шынымен де солар екен ғой деген сенім қалыптасты менде.

Ал кей адамдарды керісінше қорқытып-үркітіп, қарызға батырады.

Бағдәулет Оспанбаев, Астана қаласы Есіл аудандық Полиция басқармасы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:

Сөйлесу барысында олар осы сөйлесуімізді ешкімге айтпаңыз дейді. Қорқытады, үрей тудырады, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз дейді. Немесе сіз сотталасыз деп қорқытады. Жәбірленушілер солардың нұсқауларын орындап отырады.

Жақында Қаржылық мониторинг агенттігі бірнеше ұйыммен бірлесіп, азаматтардың жеке деректері мен ақшалай қаражатын жымқырып келген қылмыстық топты құрықтады. Сөйтсе ұйымдасқан топ арнайы жабдықты автокөліктерге орналастырып, адам көп шоғырланатын базарларда және сауда-ойын-сауық орталықтарының маңында сағатына 100 мыңнан аса  жалған хабарлама таратқан. Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, қамауға алынды.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

Қаскөйлер ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының жұмысын имитациялайтын арнайы құрылғы – SMS-бластерді пайдаланған. Аталған құрылғы пайдаланушыларға жақын маңда, яғни 300 метр радиуста күшті сигнал таратып, телефондардың автоматты түрде соған қосылып, қорғанысы әлсіз желіге ауысуына себеп болған. Нәтижесінде абоненттердің телефондарына бірден жалған SMS-хабарламалар келіп отырған.

Кибералаяқтардың басым бөлігі шетелде отырып шабуылдайды, -дейді мамандар. Оларға халықты алдап-арбап, жиған терген ақшаны шешіп алу үшін көмекшілер керек. Яғни, дропперлер алаяқтарға банк шоттарын сатады, сол үшін ақысын алады. Алдаудың тағы бір жиі тараған түрі осы. Яғни, кейбір жастар бұл қылмыстың мәнісін түсінбейді. Алайда былтыр бекіген заңға сәйкес, банк шоттарын бөгде адамға бергендер 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. 

Бағдәулет Оспанбаев, Астана қаласы Есіл аудандық Полиция басқармасы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:

Олар инстаграмда, ютубта онлайн жұмыс деегнді көп көреді. Сөйтіп жұмыссыз адамдар ыжарнамаға сене салады да да өзінің банк шоттарын алаяқтарға беріп қояды. Сол арқылы алаяқтар ақшаны шығарып алады азаматтардан.

Статистикаға сүйенсек, былтыр осы уақытпен салыстырғанда киберқылмыс саны 6 жарым пайызға азайған. 900-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Полиция қызметі антифрод жүйесінен бөлек, биылдан бастап Қазақтелекоммен бірлесіп, күмәнді қоңырауларға қатысты күресті күшейткен.

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс қимыл департаменті басқарма бастығы:

2025 жылдың қортындысы бойынша 2 жарым млрд теңге иелеріне қайтарылған болатын. Байланыс операторларымен бірлесіп Антифрот жүйесі іске қосылуда. Бұл дегеніміз шетелдерден біздің елге алаяқтық қоңырау шалулар. Іске қосылғаннан бері 146 мың қоңырау бұғатталды.

Дегенмен ІТ мамандардың болжамына сүйенсек, жасанды интеллектінің жаңа мүмкіндіктері қара хаккерлердің санын азайтпайды. Керісінше жұмысын жеңілдетеді. Оның үстіне қазір қазақ тілін толық түсінетін бағдарламалар пайда болған.

Алпамыс Батқалов, ЖИ маманы:

Қытайда бір адамдық компаниялар құрылып жатыр. Ал қалған қызметкері ЖИ. Алаяқтық бұрынғы схемада көп адам жиналатын болса, енді технологияны түсінетін бір ғана адам ЖИ арқылы шабуыл жасап, құйтұрқылық жасап ұрлайды. Және оған басын қатырмауы мүмкін. Агент өзі сценарий жазып бере алады.

Сондықтан ең басты қағида - тексерілмеген ресурстарда жеке және банктік деректерді енгізбеу қажет. Күмәнді сілтемелерге өтпеу керек. Жақындарыңызбен, өзара келісілген  құпиясөз қолданған жөн. Айпақшы, жеке деректеріңізді кім қолданғанын енді егов порталындағы бөлімнен көруге болады. Есте сақтайтын тағы бір жайт, банк қызметкерлері мен байланыс операторлары SMS-хабарламалар немесе бөгде сілтемелер арқылы құпия деректерді ешқашан сұратпайды.

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс қимыл департаменті басқарма бастығы:

Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ондай операцияларды телефон арқылы жүргізбейді.

Бағдәулет Оспанбаев, Астана қаласы Есіл аудандық Полиция басқармасы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:

Өзіңіз жайлы деректерді ешкімге жіберуге болмайды. Ол өте қауіпті.

Ал бөтен нөмірмен біреу хабарласса:

Алпамыс Батқалов, ЖИ маманы:

Ештеңеге асықпаңыз. Қысымға бой алдырмаңыз. Уақытты соза аласыз. Осылайша, қазір, ертең бүрсүгүні, бір апта деп уақытты созыңыз.

Бөлісу