Басты Жаңалықтар Иран мен АҚШ ортақ мәмілеге келген жоқ

Иран мен АҚШ ортақ мәмілеге келген жоқ

АҚШ пен Иран делегаттарының алғашқы бетпе-бет кездесуі нәтижесіз болды. Пәкістан астанасы Исламабадта сенбіде басталған келіссөз жексенбіде аяқталған. Тараптар талқылау мазмұнды өткенін растады. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.  

21 сағатқа созылған Иран – АҚШ келіссөзі сәтсіз аяқталды. Таңертең Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-тың максимализмі мен ойын ережесін өзгертуі келіссөздің тығырыққа тірелуіне себеп болды деп мәлімдеді. Ал АҚШ үшін Иранның ядролық қаруды иеленбеуіне ұзақмерзімді кепілдік беру мәселесі өзекті. Мұнымен бірге Ормуз бұғазы мәмілеге келуге басты кедергі болған.

Джей Ди Ванс, АҚШ вице-президенті:

Ирандықтармен мазмұнды талқылау болды. Бұл жақсы жаңалық. Ал олқы тұсы – келісімге келе алмауымыз. Бұл АҚШ-қа қарағанда, Иран үшін әлдеқайда жайсыз жаңалық дер едім. Құрама Штаттар мәмілеге келе алмады. Біз қай сұрақтар бойынша келісімге келуге дайын, ал қай шарттарға қарсы екенімізді білдіретін қызыл сызықты анық белгіледік. Алайда Иран шарттарымызды қабылдаудан бас тартты.
Иранның сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Багаидың айтуынша, бірқатар мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілген. Тек екі-үш маңызды мәселені шешуде ортақ мәмілеге келе алмаған.
Эсмаил Багаи, Иран СІМ өкілі:
Бұл жолы келіссөздің күн тәртібіне Ормуз бұғазы немесе Парсы шығанағы аймағы туралы жаңа тақырыптар енгізілді. Олардың өзіндік шарттары, ерекшеліктері мен қажеттіліктері бар. Дипломаттар кез келген жағдайда ұлттық мүддемізді қорғауымыз қажет. Иран Ислам Республикасы, Пәкістан және аймақтағы достарымыз арасында байланыстар, кеңесулер жалғасады.

Атап өтетін жайт, халықаралық су жолы бұған дейінгі келіссөздерде көтерілмейтін. Енді Құрама Штаттардың бомбалауына төтеп беру үшін Иранның қуатты экономикалық қаруына айналып отыр. Исламабадтағы тікелей келіссөз нәтижелі болмаған соң АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскерилерге Ормуз бұғазын блокадаға алуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ал Иранның Ислам революциясы сақшыларының корпусы бұғаз Иран қарулы күштерінің бақылауында екенін, дұшпанның қате іс-қимылы өлімге апаратанын ескертті.

Трита Парси, сарапшы:

Екі-үш күннен кейін жаңа келіссөздер туралы хабарландыру шықса, таң қалмас едім. Себебі тараптардың ешқайсысы да уақытша бітім жарияланғаннан бері келіссөзден бас тартқан жоқ. Соғысты да қайта бастамады. Нәтижесінде бұл қадамдардың бәрін сәтсіздік емес, келіссөз тактикасы деп қарастырған дұрыс.

Келіссөзге арағайын болған Пәкістан қос тарапты атысты тоқтату бойынша міндеттемелерін сақтауға, диалогты тоқтатпауға үндеді. Ал АҚШ пен Иран ядролық келіссөздерді жалғастыру немесе соғысты қайта бастау, Ормуз бұғазына бақылау орнату үшін күрес тәрізді бірнеше сценарийден таңдау жасауы қажет.


Бөлісу