Басты Жаңалықтар Қызылорда облысы толығымен ауызсумен қамтылып болды

Қызылорда облысы толығымен ауызсумен қамтылып болды

Қызылорда облысында мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен шалғай ауылдар ауыз су жүйесіне қосылды. Нәтижесінде өңірде барлық елді мекен бүгінде тіршілік нәріне қол жеткізіп отыр.

Арал ауданындағы Ақбасты ауыл шеткі елді мекендердің біріне жатады. Мұнда тұрғындар жылдар бойы құдықтан су ішіп келген. Қиырдағы ауылға былтыр 117 шақырым құбыр тартылып, орталықтандырылған ауызсу берілді. Осылайша ақбастылық ағайынның ең өзекті мәселесі шешімін тапты.

Айдана Сәуілханқызы, ауыл тұрғыны:

Ақбастыға су келеді. Ойбай құбырмен үйге су тартады деген ойымызда жоқ еді. Талай шешеліріміз-әкелеріміз су тапшылығын көрді! Қазір мынау шүкіршілік әйтеуір. Жақсы болды ғой.

Облыста соңғы үш жылда елді мекендерді ауызсумен қамтуға айрықша көңіл бөлініп, ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асты. Яғни, Мемлекет басшысының бастамасымен аймақтағы шалғай ауылдар бүгінде толықтай ауызсу жүйесіне қосылды.

Бауыржан Ізмағамбетов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл бағытта 25 жылы 17 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл жерде қайтарылған активтердің есебінен арнайы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат та бар. Нәтижесінде 11 елді мекенді ауызсумен қамту жобалары жүзеге асыралды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы барлық қала мен ауылдық елді мекендер толықтай сапалы сумен қамтамасыз етілді.


Бөлісу