Басты Жаңалықтар Брюссельде қазақ мәдениеті кеңінен насихатталды

Брюссельде қазақ мәдениеті кеңінен насихатталды

Брюссельде «Shanyraq Fest Brussels»деп аталатын фестиваль  жалғасуда. Шара аясында еліміздің Бельгиядағы елшілігі осы мемлекеттегі қазақстандықтардың басқосуын ұйымдастырды. Жерлестеріміз отандық әртістердің концертін тамашалап, спорттық жарыстарға қатысты. Мерекеге арнайы шақырылған шетелдіктер қазақтың салт-дәстүрімен танысып, мәдени мұрасына тамсанды.

Сегіз қанатты ақшаңқан киіз үй тігіп еліміздің Бельгиядағы елшілігі Отандастардың кездесуін ұйымдастыруға тыңғылықты дайындалыпты. Елді, тойды сағынған жерлестеріміз Брюссельден 100, 200 шақырым жердегі қалалардан алып-ұшып жеткен. Ұлттық өнерге сусаған қазақстандықтардың құрметіне Астана филармониясының өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты.

Асқар Балмұханов, Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі:

Елшілік қазақтардың бастарын қосып, осындай үлкен той жасап жатыр. Үлкен рақмет. Бәрі жақсы өтіп жатыр. Қазақстаннан әртістер келіп жатыр. Соларды тыңдап, сұхбаттасып, көңіліміз елде болғандай болып қалдық.

Кездесуге бес жүзден астам мейман жиналды. Қазақтың тойына ортақтасуға келген шетелдік қонақтар ұлттық салт-дәстүрге қанығып,  «Беташар»тамашалады.

Еуропалықтар киіз үйдің жабдықтарын, ұлттық бұйымдарды қайта-қайта суретке түсіріп, мәдени мұраның байлығына тамсанды.

Норбер Жустен, 2008-2011 ж.ж. Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі, саясаткер:

Бағдарламаның, инфрақұрылымның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына таң қалып тұрмын. Қарағандыдан киіз үй алдыртып, елшіліктің аумағына орнатудың өзі керемет бастама. Қазақстан қарқынды дамып келеді. Елдеріңіз өркендей берсін!

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Мерекенің көрігін қазақстандық қолөнер шеберлерінің көрмесі қыздырып тұр. Алыстан ақ көздің жауын алатын әшекей бұйымдарға шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Ұлттық аспаптарды, әсіресе, мынадай сазсырнайды кішкентай балақайлар көптеп сатып алып жатыр.

Мерекеге жиналғандар дәстүрлі киімдердің дефилесін тамашалап, ұтыс ойынына қатысты. Демеушілер ұсынған бас жүлде – Қазақстанға жолдама бельгиялықтар асырап алған қандасымыз Айбекке бұйырды.

Айбек-Матиас Кляйн, Гент қаласының тұрғыны:

Мені тоғыз айлығымда ата-анам Ақтөбеден асырап алған. Жолдама ұтып алып, Қазақстанға баратыныма қуаныштымын. Соңғы рет елімде бес жасымда болғанмын. Бүгін туған жерімнің адамдарын көріп, өзімді еркін сезініп, қатты қуанып тұрмын. Осындай мүмкіндік үшін көп рақмет!

Кездесуде қазақстандықтар мен шетелдіктер ұлттық тағамдардан дәм татып, «Тоғызқұмалақ», «садақ ату, арқан тартудан өзара бәсеге түсті. Жүзден жүйрік шыққандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі  ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған «Shanyraq Fest» фестивалін енді жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырмақ.

Бөлісу