Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Венгрияда Виктор Орбан дәуірі аяқталды. Жексенбі күні өткен парламенттік сайлауда оңшыл-центристік «Тиса» партиясы жеңіске жетіп, ұлтшыл саясаткердің 16 жылдық билігіне нүкте қойды. Сарапшылар бұл оқиғаны «саяси зілзала» деп сипаттап, оны Орбанның Кремль мен Ақ үйдегі одақтастары үшін үлкен соққы деп атады.

АҚШ-тың әскери флоты Ормұзды блокадаға алуға және Иранның мұнай экспортын шектеуге әзірленіп жатқандықтан, «қара алтын» бірден 7,4 пайызға қымбаттады. Соңғы мәліметке қарағанда, оның Brent маркасы баррелінің құны 102 доллар 23 центке жеткен.

Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан энергияның балама көзін іздеуге кіріскен Оңтүстік Корея Қазақстаннан шикі мұнай тасымалын қамтамасыз етуге жақын. Мұны осы елдің өнеркәсіп министрі Ким Чон Кван жергілікті KBS телеарнасына берген сұқбатында мәлімдеді.

Нигерияның Йобе штатында исламшыл топ мүшелерінің ізіне түскен әскерилер ауыл базарына әуеден соққы берді. Соңғы мәліметке қарағанда, авиациялық шабуылдан кемінде 200 адам қаза тапқан.

Австралия тарихында алғаш рет армия қолбасшылығына әйел адам тағайындалды. 55 жастағы генерал-лейтенант Сьюзан Койл жаңа қызметіне шілде айында кіріседі. Мұны осы елдің премьер-министрі Энтони Албанезе бірер сағат бұрын растады.


Бөлісу