Басты Жаңалықтар «Aq Niet» ерікті дәрігерлер тобы жұртты тегін емдеп жүр

«Aq Niet» ерікті дәрігерлер тобы жұртты тегін емдеп жүр

Батыс Қазақстан облысында «Ақ ниет» ерікті дәрігерлер ұйымы шалғай ауылдарға барып, тұрғындарға тегін қызмет көрсетіп жүр. Мұндай бастама бұрын-соңды болмағандықтан, тіпті құзырлы органдар бастапқыда рұқсат беруде қиналып қалған. Кейін жас мамандар қоғамдық бірлестік ашыпты. Қоғамға пайдалы іс қылып, адамдық борышын өтеп жүрген жастармен бірге әріптесім Ардақ Мұратқызы да ауылға барып қайтты.
Біз қазір облыс орталығынан 200 шақырым қашықтағы Бұлдырты ауылының емханасындамыз. Мұнда «Ақ ниет» ерікті дәрігерлер тобы арнайы келіп, халыққа тегін қызмет көрсетіп жатыр. Мінекей, ауыл тұрғындары кезек күтіп отыр. Ал дәрігерлер оларды қарап, кеңес беруде.
Бастама алғашында туған жерге тағзым ету идеясынан туған. Кейін елдің алғысы жастарға қанат бітіріп, бастама қайырымдылық іс-шарасына ұласыпты. «Ақ ниеттің» құрамында ауылда тапшы мамандар – хирург, эндокринолог, лор, кардиолог, невропатолог, уролог, психиатр, онколог, нейрохирург секілді 12 дәрігер бар. Ауыл тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздаса дәрігерге баруға мүмкіндігі бола бермейді. Жол шалғайлығы, жолақы шығыны тағы бар.
Мұхтар Нығметов, Бұлдырты ауылының тұрғыны:

Қаламыздан он шақты жас дәрігер келіп, ауру-сырқау адамдарды қарап жатыр. Мен өзім хирург Асхатқа кіріп-шықтым. Ауданнан жолдама алып, қалаға қаралуға ақыл-кеңесін берді. Кеңестерін алғанның өзі қандай бізге. Қаладан шалғай тұрамыз. Көп бара бермейміз. Ауылды қарап жатқандарына көп-көп рахметімді айтамын.
Жанат Матышева, Бұлдырты ауылының тұрғыны:
Өткенде ауданымыздан келіп қарап кетті дәрігерлер. Бүгін облыстан келіп, жетіспейтін мамандар бар, барлығы қарап жатыр, кеңестерін беріп жатыр. Мал-жан деп, көп қаралмаймыз. Көңіл бөлмейміз ғой денсаулыққа, шыны керек. Алғыс айтамыз. Еңбектері жемісті болсын!
Бір күнде ем іздеп келген 100-ге жуық адам дәрігер көмегіне жүгінді. Ал жас мамандардың барлығы да Марат Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университетінің түлектері. Мұндай жоба бұрын-соңды еш жерде болмағандықтан, заңдық негізде істі қалай бастау керегін білмеген. Басты мақсат - аурудың алдын алуды түсіндіру. Ал кеңес беру, диагностика – кейінгі міндет.
Нұрбек Халелов, психиатр, нарколог:
Ауыл тұрғындарының қалаға жетуі, консультация алуы - оның бәрі үлкен шаруа болып есептеледі ғой. Бір жылы бірге оқыған, бірге оқуын тәмамдаған дәрігерлер болып бастадық. Қайырымдылық шарасы деуге болады. Бізде бәрі тегін. 
Тұрар Мұратов, кардиолог дәрігер:
Кейбір ауылда УЗИ, ЭКГ аппараттары болды, сонымен қарадық. Мысалы, лор дәрігерде өзінің тексеретін аппараттары бар. Урологтарда да, хирургтарда да, невропатологтарда да өз құрал-саймандары бар. Халықтың алғысы бізге одан сайын мотивация береді.
Бұлдырты – «ақниеттіктер» бас тіреген бесінші ауыл. Мұндағы дәрігерлік амбулатория қайтарылған активтер есебінен салынған. Іші кең, жарық. Тек дәрігер тапшылығы өткір тұр. Бас дәрігер, дәріхана да қажет.
Нұрлыбек Уалиахметов, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі:
Бұлдырты ауылдық амбулаториямына мамандар қажет. Бүгін келіп жатқан ақ халатты абзал жандар сияқты бізге де дәрігерлер келсе деген ниеттеміз. Мемлекет тарапынан оларды қолдайтын жақсы мүмкіндіктер бар.
Қайырымды жастарды қазір басқа ауылдың әкімдері да бір-бірінен естіп, шақырып жатыр. «Ақниеттік» абзал жандар ол ауылдарға да барады. Тексереді. Диагноз қояды. Емдейді.



Бөлісу