Басты Жаңалықтар Жас ғалымдар жаңа баспаналарына қоныстанды

Жас ғалымдар жаңа баспаналарына қоныстанды

Ғылым күні қарсаңында Президенттен пәтер кілтін алған жас ғалымдар жаңа үйлеріне қоныстанып жатыр. Ізденістің ізіне түскен мамандар үшін бұл тек әлеуметтік көмек емес, үлкен сенім мен серпін. Берілген жаңа баспаналардың барлығы толық жиһаз және тұрмыстық техникамен жабдықталған.

Басқасын айтпағанда, баспананың басты қажеттілік екені белгілі. Жаңалық ашып, жаһан жұртының өмірін жеңілдетуге тырысқан жандардың өз тұрмысы да түзеліп келеді. Құтты қонысына қадам басқанның бірі - Эльмира Базылханова. Инженеринг және азық-түлік технологиялары институтының профессоры. Жас зерттеушінің айтуынша, бұл бар күш-жігерін ғылымға бағыттауына берілген үлкен мүмкіндік.

Эльмира Базылханова, С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университеті қауымдастырылған профессорының міндетін атқарушы:

Кеше ғана мына үйдің қабырғасын көріп кетіп едік, бүгін келсек барлығы жабдықталған, жаңа тегін пәтер алып отырмыз. Бұл үлкен қолдау деп сенемін. Сондай-ақ бұл бізді ары қарай жоғары биік белестерді алуға шабыттандырады.

Жаңа шаңырақ иелерінің қатарында ядролық физика, энергетика, агрономия, медицина, әлеуметтану және тарих салаларында ұзақ жыл еңбек етіп жүрген мамандар бар. Көпшілігі ғылым жолына кемі 10 жылдан астам уақытын арнаған. Сондықтан жаңа пәтер олардың еңбегіне берілген лайықты баға. Ал мемлекет үшін болашаққа салынған инвестиция.

Әлішер Мүтәлі, Ядро физика институы Астана қалалық филиалының аға ғылыми қызметкері:

Бұған дейін пәтер жалдап келдік. Қазіргі таңда біртіндеп көшіп жатырмыз. Екі бөлмелі пәтерге кірдік. Бұл пәтерді тұрмыстық қажетті техникамен, тіпті жиһазбен қамтамасыз етіп берді. Бұл біз үшін үлкен көмек деп білемін. Бұл біздің ресурсымыз, яғни уақытымызды қаржымызды үнемдеуге септігін тигізеді.

Бүгінде озық ойлы отандастарымызды қолдау жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тек кейінгі үш жылда 700-ге жуық ғалым баспанамен қамтылған. Игі дәстүр отандық ғылымның дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.


Бөлісу