Диплом бар, жұмыс жоқ: Еңбек нарығына кадр даярлау қашан реттеледі?
Соңғы бес жылда жоғары білім беру саласына бөлінетін қаржы 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін, яғни екі есеге жуық өсті. Мемлекеттік грант артты — 77 мың. 625 мың студент бар.
Бірақ осынша қомақты ақшаға қарамастан, оқу орнын бітіргендердің бәрі бірдей мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмайды. Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Қасқинге сілтеме жасаймыз (ол Мәжілісте өткен үкімет сағатында айтты): түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 73–75%-дан 40–41%-ға дейін төмендеген.
Ал әрі қарай қазсақ, сапа, ашықтық және нәтижеге байланысты сұрақтар туады. Демек, жүйелік проблемалар бар және терең. Мысалы, магистратураға түсіп, кейін оқудан шығып кеткенде, оқыған кездегі ақшаны өтеуден жалтару схемасы бар екен. Тек осы санат бойынша ықтимал шығын 11 млрд теңгеге жуық. Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша іріктеудің жалпы критерийлеріне сәйкес келмейтін 340 үміткерге министрлік шешімімен 7,7 млрд теңге стипендия тағайындалған. Жоғары аудиторлық палата мүшесінің баяндамасы «бұл, қалай бұл?!» дейтін мәліметке толы.
Палатаның тұжырымы: жоғары білім беру жүйесі процесті қаржыландырып отыр. Нәтиже емес. Иә, бұл бір күнде пайда болған жоқ. «Әйтеуір жоғары оқу орнының грантын алсақ болды, кейінгісін көре жатармыз» деген стереотип көзқарастан бастап, экономикалық секторларға қарап маман дайындамау, нарықтың қарапайым қағидасы — сұраныс пен ұсыныс ережесінің сақталмайтыны, тағысын тағы. Билік те біледі: көп түлек мамандығы бойынша жұмысқа орналаспайды. Азаматтар да біледі: жұмысқа тұру өте қиын. Бірақ осы сықырлауық «әткеншек» айнала береді. Тақырыптың талдайтын қыры көп.
Қозы
Көрпеш Жасаралұлы, тілші:
Жыл сайын жоғары оқу орнын тамамдаған 160–170 мыңдай түлекке диплом табысталады. Логикаға салсақ, олар еңбек нарығына қосылатын жаңа күш. Десе де, осы дипломның бір бөлігі сандықта жатқан сияқты. Себебі кей салада сұраныс бар, маман жоқ, кейде керісінше... Сонда біз мемлекеттік грант есебінен кімді және не үшін оқытып жатырмыз?
Демек,
жылу-энергетика саласы болашақ бір маманды жоғалтты. Және мұндай мысалдың өте
көп екенін көрдік. Сарапшылар сөзінше, қазір елдегі әрбір үшінші адам өз
мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл сұраққа індетіп жауап іздесең, шетін
шығару қиын. «Түйкілдің төркіні жөнсіз жасалған жоспарда» дейді Айдос Жұманазар.
Айдос
Жұманазар, сарапшы:
Жоғары білім министрлігі гранттарды Еңбек министрлігінің сұранысына сай үйлестіретінін айтады. Алайда бізде гранттар нақты еңбек нарығындағы қажеттілікке емес, көбіне жалпылама әрі терең талдаусыз бөлініп келді. Соның салдарынан жоспарлау жүйесінде қателік пайда болды. Яғни бізде бұл процесс кері бағытта жұмыс істейді.
Тағы
бір мысал: соңғы үш жылда энергетика саласындағы кадр тұрақсыздығы 15%-дан асып
кеткен. Әрбір алтыншы маман алғашқы жылы-ақ жұмыс орнын босатады. Ал,
университеттер ұсынған деректер басқаша сөйлейді. Түлектердің басым бөлігі
еңбек етіп жатқанын айтады. Сонда біз кімге сенеміз?
Айдос
Жұманазар, сарапшы:
Ең үлкен мәселе, есеп беруге арналғандықтан Еңбек министрлігі де, басқа ведмоствалар да әдемі қылып көрсетеді. Бұл жерде басты талап бар. Шын бейнемізді көруден қорықпау керек. Грант деген қандай ақша? Ол налогтан жиналған ақша. Ол жерде миллиардтаған ақшалар. Сонда бұл бюджетті дұрыс пайдаланбау дегенге келіп тіреледі.
Жандәулет
Құдайбергенов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің басқарма басшысы:
Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2025 жылғы мәліметтерге келетін болсақ, 58 мың адам ЖОО аяқтаған. Соның 38 мың адам жұмысқа орналасқан. Мемлекеттік тапсырыс болғаннан кейін жұмыспен орналасу деңгейін арнайы оператор қаржы орталығы мониторинг жүргізеді. Қаржы орталығы әрбір оқу орнынан ақпарат алады.
Ұлтуған
Ахметбек - жоғары білімді. Көз майын тауысып, төрт жыл университетте оқыған.
Мамандығы - теміржолшы. Мемлекеттік грант иегері. Алайда, қазір мүлде басқа
саладан нан тауып жүр. Себебі, талай табалдырықты тоздырып шаршаған. Сосын
амалсыз сауда саласына кеткен.
Ұлтуған
Ахметбек, қала тұрғыны:
Жоғары оқу орынын бітірдім. Грантта оқыдым. Оқу бітіргеннен кейін сол мамандық бойынша жұмыс жасауға тырысасың. Өкінішке қарай, барған жерлерден жұмыс тәжірибесін сұрағандықтан, көп жердің есігін тоздырып, сол мамандық, диплом қалды.
Жалпы мемлекеттік гранттың мақсаты - елге қажет
мамандарды даярлау. Осы мақсатта 2023-2024 жылдары 88 мың, одан кейін, 94
250, былтыр бакалавриат деңгейіне 77 мың грант бөлінген. Соның басым бөлігі
инженерлік салаға бағытталған. Бірақ Жоғары аудиторлық
палата сұраныс пен ұсыныста тепе-теңдік жоқ дегенді айтады.
Әнуарбек
Қари, ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Әлеуметтік салаға және құқықтық тәртіпке
аудит жүргізу департаментінің директоры:
Мемлекеттік білім беру тапсырысы еңбек нарығына толық сай келмейді: 2022 жылы 9 мыңнан астам грант игерілмей қалды. Мәселен, жыл сайын 20 мың ІТ маманы дайындалса да, олардың тек 30%-ы ғана өз саласында жұмыс істейді. Бұл жүйеде бақылаудың әлсіз екенін көрсетеді.
Сарапшылар
бұл жылдар бойы қордаланған проблеманың бір қыры ғана дейді. Құрылымдық
байланыс болмаған соң құлықсыз һәм жұмыссыз жастар көбейген. Сөйтсек, әңгіменің
әлқисасы сонау мектепте екен. Яғни, балаларға бейініне қарай бағдар болмаған.
Қазіргі кезде жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясында отырған мамандарымыздың көпшілігі менеджерлер. Яғни, документ қабылдаушы мамандар. Ал профориентациялық жұмыс төменгі деңгейде болғандықтан жылдан жылға проблема шешілмей келеді.
«Жұмыс
жоқ» дейін десек, маман іздеген мекеме көп. «Enbek.kz» порталында 52 мыңға
тарта жұмыс орны ұсынылған. Жоғары білімді мұғалімдер мен дәрігерлерге сұраныс
бар. Айталық, Астанаға білім саласына 276, медицина және фармацевтика саласына
227 маман керек. Тәжірибелі маманның жалақысы 200-250 мың теңгеден басталады.
Ал, дипломды кеше ғана алған жастарға 120-140 мың теңге көлемінде төленеді.
Бұған, бас қалада өмір сүру оңай емес.
Бағила
Орымбетова, «Мансап» орталығының директоры:
Әрине, жастар бітіріп жатыр. Оларға қиындық туындайтыны жұмыс өтілінің болмауы. Біз оларға ұсынатынымыз «Жастар практикасы» деген бағдарламамыз бар. Жалақы - 30 АЕК. Әрине, Астана қаласында өте қиынырақ. 120 мың деген айлық жастарға аз.
Бақсақ,
кей өңірде мұғалім мен дәрігер мамандығын меңгергендер шектен тыс көп. Ал, кей
аймақ оларды емге таппай отыр. Әлгі, жөнсіз жасалған жоспардың соңы осы. Не
істеу керек?
Біз осы сәттен бастап бәлкім аймақтық мақсатқа өтуіміз керек шығар. Түркістан облысына мынанша керек, Астанаға, Жамбылға мынанша керек деп сондай бір моделге көшуіміз керек.
Жалпы бізде кадр даярлау орта мерзімді болжамдар негізінде жүргізіледі. Соған
сүйенсек, жақын арада 330 мамандық маңызын жоғалтуы мүмкін. Ең қызығы...
Асхат
Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
2030 жылға қарай жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі, яғни 56%-ы, орта және төмен біліктілікті қажет ететін мамандықтарға тиесілі болады. Ал бізде жағдай керісінше: кейбір бағыттар бойынша жоғары білімді мамандар шамадан тыс көп дайындалып жатыр, тіпті нақты сұраныстан 5–6 есе асып түседі.
Жасанды
интеллект көп ұзамай біраз адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Ал еңбек нарығы -
тұнып тұрған тірі организм. Сағаттың сыртылындай соғып тұруы тиіс. Кінәрат
кетсе, тұтасы жүйеге жүк. Қазір елдегі жұмыссыздық деңгейі ресми дерек бойынша
4,6 пайыз шамасында. Ал елден екі қолға бір күрек таппай, шетел асқан жастардың
көп екенін ескерсек, еңбек нарығын тыңғылықты талдайтын уақыт жетті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы