Басты Жаңалықтар Леонардо да Винчи көрмесі Астана төрінде: 40-тан астам жәдігер әкелінді

Леонардо да Винчи көрмесі Астана төрінде: 40-тан астам жәдігер әкелінді

Астанада Леонардо да Винчидің шығармашылығына арналған халықаралық көрме ашылды. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына әйгілі қылқалам шеберінің ғылыми еңбектері ұсынылды.

Бейбітшілік және келісім сарайында Қайта өрлеу дәуірінің ұлы ойшылы Леонардо да Винчидің өміріне, ғылыми ізденістері мен инженерлік мұрасына арналған халықаралық көрме ашылды. Аумағы 3 мың шаршы метрден асатын экзопозицияға Да Винчи сызбаларының негізінде құрастырылған ұшатын қондырғылар, өздігінен жүретін арба секілді 40-тан астам экспонат бар. Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева экспозицияның Халықаралық музейлер күнінде өткізілуінің айрықша мәні бар екенін атап өтті. Бірегей көрме еліміздің халықаралық мәдени кеңістіктегі беделін арттырып, жаңа әріптестік жобаларға негіз қалайды. Көрмені ұйымдастыру үшін Франциядан келген Ольга Ригоның айтуынша, бұл жәдігерлерді көру үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі өнерсүйер қауым  Астанаға жиналады.

Ольга Риго, Леонардо да Винчи көрмесінің комиссары:

Бүгінде Астана ірі мәдени және мультимедиялық жобалар өтетін маңызды халықаралық алаңға айналып келеді. Сондықтан дәл осы жерде өз заманынан бірнеше ғасыр озық тұрған Леонардо да Винчи туралы айту ерекше символдық мәнге ие. Көрме Астана тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды мәдени оқиға болатынына сенімдімін. Шетелден де арнайы келетіндер аз болмайды деп ойлаймын.

Бүгінде Қазақстанда 286 музей жұмыс істеп тұр. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Музейлерге жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді. Леонардо да Винчи музейінің директоры Августо Биаджоның халықаралық көрмені Астанада өткізуге үлес қосқаны да содан.

Августо Биаджи, Леонардо да Винчи музейінің директоры:

Бұған дейін көрме Берлинде, Абу-Дабиде ұйымдастырылды. Бұл жолы міне, Астанада ашылып отыр. Мұнда өнерсүйер қауым көп. Сондықтан көрме сәтті өтеді деп ойлаймын. Экспозициядс бірегей экспонат көп. Бірін Миланда ғана көрсеңіз, енді бірі Римде ғана бар. Біз сол жәдігердің бәрін Астана төрінде, Бейбітшілік сарайында жинадық.

Экспозиция 19 мамырдан 30 қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін күн сайын, демалыссыз 10:00-ден 20:00-ге жұмыс істемек.

Бөлісу