Басты Жаңалықтар Жеке сот орындаушыларына қойылатын талап күшейді

Жеке сот орындаушыларына қойылатын талап күшейді

Жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптарды қатаңдататын заң жобасы Мәжілісте қаралды.

Өзгерістер енгізудің себебі түсінікті: жеке сот орындаушыларының шектен шығатыны, түрлі заңсыз әрекеттерге баратыны, ситуацияны тек белден басып шешуге тырысатындары, қорқытып-үркітетін фактілер аз емес. Бұл азаматтардың тіршілігін тұсап, одан сайын қиындатты. Моральдық соққыны айтпағанда. Біз Мәжіліс депутаты Б. Базарбектің сөзін мысалға келтіргіміз келіп тұр.

88 жеке сот орындаушысы 660 түрлі алаяқтық әрекет мен айла-шарғылар жасаған. Ал олардың бәрі жауапкершілікке тартылмаған.

«Прокуратураның 2022 жылы 5 шілдедегі сол кездегі Әділет министріне жолдаған ұсынымы бойынша 29-ға жуық сот орындаушы лицензиясынан айырылуы керек еді. Әрқайсысының сайтына кірдік. Ақша ұрлап, алаяқтық жасағандар қазір де жұмыс істеп жатыр. Сонда қай сот орындаушыны лицензиясынан айырып отырсыз?» – дейді депутат қазіргі Әділет министріне. Прокурорлардың өздері ұсыным беріп алып, қадағаламайтындары да «қызық».

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бас прокуратураның ұсынысына сәйкес, 88 жеке сот орындаушысы 660 түрлі алаяқтық әрекеттер мен айла-шарғылар жасаған.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Шотым жабылған, автокөлігім жоқ. Тек ЖСО-ларға жем болып жүрмін дейді.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ол кісінің зейнет жасында екенін түсінеді. Бірақ сонда да есепшотын жауып тастайды.

Нұржан Арынғазинов, Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы:

Шынымен де тексеріс барысында кейбір жеке сот орындаушылар азарттық ойындарға ақшаны жұмсаған. Ондай фактілер бар.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Азарттық ойындарға алименттің ақшасын жұмсап, алаяқтық жасау, дәрменсіздерге өктем мінез көрсетіп, шотын бұғаттау — жеке сот орындаушыларының мұндай әрекеттері халықтың ашуын туғызып, қоғамда сот орындаушылары туралы теріс стереотип қалыптастырғаны рас.

Иә, елде 2000-нан астам жке сот орындаушысы бар. Бәрі бірдей кәсіби білікті емес деуге келмес. Десе де, депутаттар келтірген дерекке сүйенсек, заңды белден басқандар аз емес.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мәселен, Павлодар облысында сот орындаушы үш жыл бойы алимент қаражатын заңсыз пайдаланып келген. Алматыда 9 сот орындаушы 23 миллион теңгені, ал Қарағанды облысында 7 сот орындаушы 110 миллион теңгені заңсыз алғаны айтылды. Ақмола облысында 3 сот орындаушы бюджетке түсуі тиіс 5,8 млн теңгені жымқырған. Бұдан бөлек, жеке сот орындаушылары Батыс Қазақстан облысында қаражатты өз туыстарына аударып отырған.

Бірақ сол заң бұзған 88 жеке сот орындаушының тек 9-ы ғана жазаланған. Кейбірі тіпті қызметін қаз-қалпында жалғастырған. Әділет министрлігі әділ шешім шығармаған ба, сонда?

Нұржан Арынғазинов, Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы:

Ұсыныс бойынша 12-ден астам жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылды. 20 шақты сот орындаушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бауыржан Мақұлбаев, Қазақстан заңгерлер одағы РҚБ Алматы қалалық филиалының басшысы:

Осы уақытқа дейін мемлекет пен жеке сот орындаушылардың арасындағы қарым-қатынасты нақты реттеу жоқ болған. Әділет органдарына келіп түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі – сот актілері орындалмай жатқаны.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Сот актілері неге уақтылы орындалмай келеді? Жеке сот орындаушылардың әуелгі міндеті сот актілерін орындап, мемлекет пен адамдардың алашағын қайтару емес пе еді? Бірақ, «алтын көргенде» олар жолдан таяды. Мысалы, бір ғана алимент істерін алайық. Берешек 18 млрд-тан асқан. 300 мыңнан астам бала осы қаражатқа мұқтаж. Басқасын былай қойғанда, сол балалардың несібесінен жырып, ақша жымқырған сот орындаушылар жайлы не айтуға болады?!

Николай Арсютин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өндірушілердің ақшасын бақылауға қатысты қандай норма қарастырылып отыр? Мемлекеттік бақылау қалай жүргізілмек?

Депутаттарды алаңдатқан алғашқы сауал да осы. Біреудің ақшасын оңды-солды жұмсау фактілері тыйыла ма, өзі? Талаптарды күшейтетін тетіктер қандай?

Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет вице-министрі:

Біз «Әділет» қосымшасын әзірледік. Бұл жеке сот орындаушылардың жұмысын толық бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, шотыңызға ақша түсті деген ескерту хаты келеді. Сот орындаушы белгіленген мерзім ішінде оны өз иесіне жіберу керек. Сол үшін де банктермен интеграция орнаттық.

Елде миллиондаған адамның шоты бұғаттаулы. Сот орындаушылар қит етсе осындай айлаға көшкен. Банк шоттарына тыйым салады. Мал-мүлкіне арест қояды, елден шығуды шектейді. Енді сот орындаушылар белгіленген мерзімде қарызды өндіріп алмаса, бұл шектеулер автоматты түрде алынып тасталады. Әрине, қарыз кешірілмейді. Бірақ, борышкерге қысым көрсетілмейді. Тағы бір жеңілдік – қарызы барларды аяқасты жапатармағай үйінен шығарып тастамайды.

Азамат Бердібеков, Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы төрағасының орынбасары:

Бір-екі күн уақыт беріп борышкерлерді шығарушы еді. Енді қазіргі таңда борышкерлерді шығару үшін он жұмыс күні бұрын ескертіп, яғни борышкерге өздерінің заттарын шығарып алып кетуге алдын ала ескертіп барып шығару заңда көзделген.

Жеке сот орындаушылар борышкерлердің санатын сараламайды. Жәрдемақы ма, зейнетақы ма, бәрібір шотын жауып, соңғы тиынына дейін сыпырып алады.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жеке сот орындаушы материалды алады. Ол кісінің зейнет жасында бар екенін түсінеді. Бірақ сонда да есепшотын жауып тастайды. Бұл қалай сонда?

Нұржан Арынғазинов, Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы:

Шынымен де осындай проблема бар. Сот орындаушы банктік арест қойған кезде ол шынымен де көрмейді. Ол қандай ақша — зейнетақы ма, айлық па? Бізге ондай ақпаратты бермейді банк.

Азамат Бердібеков, Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы төрағасының орынбасары:

Ұлттық банкке, екінші деңгейлі банктерге хат жаздық. Қаржы ұйымдары мен жеке сот орындаушылардың арасындағы ақпараттық жүйені дамыту арқылы осыны шешуді көздеп отырмыз.

2025 жылы сот орындаушылары мен цифрлық сот орындаушысының өндірісінде құны 15,5 трлн теңгені құрайтын 10 миллионнан астам іс болды. Өндірілген сома 557,6 млрд теңге, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 88,6 млрд теңгеге көп. Бірақ өндіру деңгейі нашар. Демек, қорқыту, тығырыққа тіреу, басқа да айла-шарғы жүрмейді. Жұмыс тәсілін өзгерту керек. Екінші тарап — қарыз өндіртушінің де құқықтары сақталуы тиіс.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Заң аясында саланы толық цифрландыру көзделіп отыр. Мысалы, жеке сот орындаушылардың қызметін бақылау мақсатында кеуделеріне жетон тағып, жұмыс барысына бейнебақылау жүргізу де ұсынылды. Ондағы материалдар кемі бес жылға дейін сақталуы тиіс. Одан бөлек, 2 жылдан бері 20 АЕК-ке дейінгі айыппұлдарды өндіру ісін «цифрлық сот орындаушы» атқарып келді. Енді оның көлемін өсірмек. Былтыр 1,4 млн шағымның шамамен 500 мыңы осы жүйе арқылы өндірілген. Жеке сот орындаушы қызметі үшін өндірілген қаражаттың 25 пайызына дейін ақы алатын болса, цифрлық ассистент тегін көмектеседі. Нәтижесінде, 2,4 млрд теңгені үнемдеуге сеп болған.

Дмитрий Колода, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Енді бұл шекті 40 АЕК-ке дейін көбейтіп, яғни 173 мың теңгеге дейінгі айыппұлдарды цифрлық сот орындаушы арқылы өндіру ұсынылып отыр.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Маңызды өзгерістердің тағы бірі — жеке сот орындаушылардың кәсіби біліктілігі де сыналады. Бұған дейін мұндай бақылау да, бағалау да болмаған. Енді мамандар үш жыл сайын аттестациядан өтуге міндетті. Заң мен этиканы жатқа білуі тиіс. Өтпесе лицензиясынан айрылады. Жемқорлыққа қатысы барлар саладан шеттетіледі. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мұның бәрі әзірге қағазға қатталған ережелер. Ал практика қалай болар екен? Біз борышкерлерді ақтаудан аулақпыз. Бірақ, сот шешімін орындаушылардың қайбірінің ашкөздігіне тұсау салатын нормалар қабылданбаса, ондайлар ақша жеудің амалын қалай да табады...



Бөлісу