«Күйіп тұрған тақырып»: Балалар арасындағы буллингке не себеп?
Елімізде балаларға буллинг пен озбырлық көрсетуге байланысты іс-әрекеттің жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл ведомство-аралық бірыңғай алгоритм. Енді балалар мен жасөспірімдерге қатысты мансұқ ету, озбырлық көрсету оқиғасының әрқайсымен жеке маман жұмыс істейді. Буллинг пен озбырлық көрсету деңгейі шын мәнінде уайымдатады. Мәселенің шыңы - балалардың қатарласын ұрып өлтіруі. Және ілеуде бір болатын оқиға емес.
Елдос Есенбол, тілші:
Біз сұхбаттасқан мамандар мектептегі буллинг мәселесі «күйіп тұрған тақырып» дейді. Статистиканы сөйлетсек 2025 жылы Қазақстан мектептерінде 400-ден астам буллинг фактісі тіркелген. Оның 238-інде кінәлі анықталып, жазаланған. Бірақ бұл теперіш көргендердің осыншасы батылы жетіп өзінің жәбірленгені туралы айта алды деген сөз. Ал қанша оқиға тасада қалды? Қанша оқушы әлі де әлдекімдердің «нысанасында» жүр? ЮНИСЕФ-тің зерттеуінше балалардың шамамен 17 пайызы тұрақты түрде буллингке ұшырайды. Ал 30 пайызы кем дегенде бір рет қысым көргенін айтқан. Яғни қарапайым тілмен айтсақ әр үшінші бала осындай жағдайға тап болған.
Ержан Мырзабев, отбасылық психолог:
Бізде зерттеу жетпей жатыр деп ойлаймын. Жалпы мектептерде қанша буллинг фактілері тіркелді? Соған байланысты қандай жұмыстар жасалды? Ол көбіне қандай өңірлерде болып жатыр? Бұл көбіне ұлдар арасында ма, қыздар арасында ма? Жүйелі түрде карта болмағандықтан бүгін мына жерде сөндірілген өрт ертең басқа жерден шығады.
Тұрар Шәкен, этнопедагог, тарихшы:
Бүгінде бұл тақырыпқа бойымыздың үйреніп кеткені соншалықты, тіпті бір-екі күн шулаймыз да қоямыз. Буллинг оқиғалары көбіне мектептерде болсын жасырын. Көбіне рейтингіміз бұзылады деп жасырып қалатын оқиғаларды кездестіріп жүрміз. Бұның бәрін біз ашық айтуымыз керек.
Елдос Есенбол, тілші:
Енді осындай әрбір жағдаймен «кейс-менеджер» деп аталатын жеке маман айналысады. Ол баланы бақылайды. Психолог керек пе, дәрігер керек пе, әлде полиция ма? Бәрін өзі үйлестіруі керек. Жедел ақпарат береді, бір сағат ішінде тиісті органдарға жеткізеді, бір күнде тексеріс басталуы қажет.2022 жылы буллинг деген термин заңға еніп, 2024 жылдан бастап ол үшін жауапкершілік бекітілген. Алғаш рет айыппұл 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни қазір ол 43 250 теңге. Бір жыл ішінде қайталанса бұл сома үш есе көбейеді. Мамандардың айтуынша заң бар, бірақ механизм жоқ. Мысалы: Буллинг деген не? Біреуді біреу мазақ ету ме, ұрып-соғу ма? Қайсы буллинг, қайсы балалар арасындағы кикілжің? Бұл нақты жазылмаған. Буллинг болғанын қалай дәлелдейді? Жәбірленушінің сөзі жеткілікті ме? Әлде нақты фото, видео айғақтар керек пе? Сондықтан көбіне «дәлел жеткіліксіз» деген желеумен іс жабылып қалады.Мысалы, биыл ақпанда әлеуметтік желіде бір бейнежазба тарады. Видеода қолына балта ұстаған оқушы өзі құралпы бірнеше баланы әдейілеп қуалап жүр. Кейін бұл оқиғаның Құлсарыдағы мектептердің бірінде болғаны, 10-сынып оқушысы екі баланы жарақаттағаны анықталды. Оған «бұзақылық» бабы бойынша іс те қозғалды. Артынан әлгі балта ұстаған оқушының анасы баласының буллингке ұшырағанын, қатарластарынан қысым көргенін айтып желіге шықты. Біз бұл оқушының әрекетін бір мысқал ақтамаймыз. Бұлай жасауға болмайды! Тіпті мұның аяғы қайғылы аяқталуы да мүмкін еді. Бірақ жасөспірімнің осындай мінез көрсетуіне не себеп болды? Анасының айтқаны ақиқат па деп біреу үңілді ме? Міне, мәселе осында.Иә, мамандар бірауыздан ең басты жауапкершілік ата-анада екенін айтады. Яғни қоғамдағы, ересектер арасындағы агрессия, қатыгездік мектепте, ең аяғы балабақшада қайталанып жатады. Мәселенің түп тамыры осында.
Ержан Мырзабев, отбасылық психолог:
Бастапқы нүктеден мына жағдайға кері қайтару әлдеқайда қиын болады. Сол үшін кішкентай кезінен бастап балабақша кезінен бастап балалар «ана, ана, әке, апай, ағай» деп жүрген кезде баланың табиғатында бар үлкенге еліктеу, үлкеннің қасында жүру деген сол моментті пайдаланып біз жақсы тәрбие беруіміз керек.
Тұрар Шәкен, этнопедагог, тарихшы:
Мектептерге барған уақытта, кездесулерге барғанда кейде жастар жүгіріп келіп құшақтап жатады. Сонда өзіммен бірге барған шәкірттерім «апай неге сізді құшақтайды» дейді. Сонда мен айтамын «бүгінде мейірім азайған». Ата-аналар болсын, үлкендер болсын материалдық дүние алға шығып кеткеннен кейін материал дүние алға шығып кеткеннен кейін біз рухани дүниеге көп көңіл бөлмейміз.
Елдос Есенбол, тілші:
Ең бастысы «бұл баласы буллингпен бетпе-бет келген ата-аналардың ғана мәселесі емес» дейді мамандар.
Ержан Мырзабев, отбасылық психолог:
Әрбір ата-ана осындай хабарлар, жаңалықтар көрген кезде өзінің балаларына бір назар аудару керек. Өзінің балаларын былайша айтқан кезде бір чек-ап жасау керек. Диагностика жасау керек. «Менің балам осы мәселенің қай жерінде оқушылар арасында буллингтің қай жерінде? Яғни соны істеуші ме? Соған ұшыраушы ма? Соны көріп жүрген куәгер ме?»
Елдос Есенбол, тілші:
Маманның сөзін мына бір оқиғамен қуаттауға болады. 2011 жылы Финляндия үкіметі буллингке қарсы «КИВА» бағдарламасын әзірлейді. Мақсаты буллинг жасаушыларды жазалау емес. Соған куә болатындардың ойын өзгерту. Олар әр баламен жеке сөйлеседі: «біреуді мазақтаса сен не істейсің?» деп сұрайды. Балаларға өзгенің жанын түсінуді, яғни эмпатияны үйретеді. Буллинг болса, арнайы топ бірден араласып екі жақпен сөйлеседі. Жәбір көрген бала жалғыз қалмасын деп сыныптан қолдайтын топ құрады.
Ержан Мырзабев, отбасылық психолог:
Мектеп әкімшілігімен, сынып жетекшілігімен, ата-аналар қауымдастығымен, жалпы ата-ана комитетімен бірігіп отырып. Біз қаласақ та, қаламасақ та мектеп ретінде де, ата-ана ретінде баланың алдында заңды жауапкершіліктеріміз бар. Біз бұл міндеттерді қалай да болса орындауымыз керек. Дұрыс орындайтын болсақ бәріміздің өміріміз жеңілдейді. Кем орындайтын болсақ бәріміздің өміріміз қиындайды.
Елдос Есенбол, тілші:
Белгілісі мынау: баланың үнін естімесек, мәселе шешілмейді. Себебі әр салғырттықтың, енжарлықтың артында бір жылаған тағдыр тұруы мүмкін. Мысалы күні кеше Алматыда жасөспірімдер арасында төбелес болып ақыр соңында екі бала қаза тапты. Компьютер клубында басталған кикілжің үлкен жанжалға ұласқан. Қаза тапқан бір баланың туыстарының сөзінше «екі балаға оншақты адам жабылған». Полиция іс қозғады, күдіктілерді ұстады. Дегенмен бұл қаза тапқан балаларды қайтармайды. Осы оқиғаның өзі қоғамдағы мейірім мен ізгіліктің расында азайғанының көрінісі емей немене..?
Автор
Елдос Есенбол
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
«Музей түні – 2026»: 17 мың адам тамашалады
19.05.2026, 13:15
Леонардо да Винчи көрмесі Астана төрінде
19.05.2026, 13:12
IV Халықаралық Қазақстан музей конгресі басталды
19.05.2026, 13:09
Дінде ағза донорлығына рұқсат бар
19.05.2026, 13:06
Аралдың 1 млн гектар қайраңына сексеуіл егілді
19.05.2026, 13:03
Нью-Йорк пен Токиоға тікелей әуе рейсі ашылады
19.05.2026, 13:00
Леонардо да Винчи көрмесі Астана төрінде: 40-тан астам жәдігер әкелінді
19.05.2026, 10:11
«Dosti Skills Kokshetau - 2026» халықаралық чемпионаты өтіп жатыр
19.05.2026, 10:09