Құрылыс сапасын ЖИ көмегімен бақылауға болады
Отандық IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асқан. Бұл хабар расында, «шын ба?» деп бас шайқайтын жаңалық. Бірден мынадай сұрақтар туады: біріншіден, бұл не қызметтер?Екіншіден, өзіміздің тіршілікті, экономиканы алға сүйрейтін, проблемаларды еңсеруге септесетін шешімдер бар ма? Мықты мамандардың «миын» пайдалану, жалпы ЖИ жемісін көру, бір сөзбен айтқанда дамудың жаңа векторының басында жүру саясаты жарияланды.
Біз отаршыл
жүйеден шыққанда дамыған елдерге ілесу өте қиын болды. Оның зардабын әлі тартып
келеміз. Бұл өте күрделі және сан-салалы тақырып. Ал қазір цифрлық
технологиялар дәуірі туды. Енді осы керуеннен қалып қоймау саясаты әрине, дұрыс
және тек құптайсың.
Біз жасанды интеллектті көбіне мәтін жазуға, сурет салуға, ән шығаруға
қолданамыз. Бірақ ол айсбергтің басы ғана. Ал, ЖИ-дің мүмкіндігі шексіз. Ол
түрлі мәселені шешуге, мысалы, құрылыс сапасын бақылауға, өндірістік
қауіпсіздікті арттыруға, мектептегі буллингтің алдын алуға да көмектесе алады.
Біз бүгін осы бағыттағы қазақстандық жастардың жобаларымен таныстырамыз.
Қазір «Astana Hub» орталығында
379 жоба бар. Дені адамдардың өмір сапасын жақсартуға арналған. Соның бірі - халық
көп сынайтын құрылыс саласын бақылауға арналған жасанды интеллект.
Абылай Адайұлы, ZIZ INC IT компаниясының
негізін қалаушы:
Мысалы, нысандағы камералар арқылы қанша адамның жұмыс істеп жүргені анықталады. Жүйе олардың қаншасы белсенді жұмыс істеп жатқанын, кімнің өнімділігі төмен екенін бақылайды. Сонымен қатар, жұмысшылардың қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексеріп, каскасы немесе арнайы жилеті жоқ адамдарды анықтай алады.
Абылай Адайұлы, ZIZ INC IT компаниясының
негізін қалаушы:
Болашақта каскаға орнатылған камералар арқылы құрылыс алаңындағы негізгі талаптардың сақталуы бақыланады. Мысалы, цемент құю сапасы, терезелердің орнатылу жылдамдығы және құрылыс жұмыстарының жалпы барысы тексеріледі. Сондай-ақ жүйе құрылыстың белгіленген мерзімге сай жүріп жатқанын немесе кешігу бар-жоғын анықтай алады.
Абылайдың шағын командасының құрылысқа
қатысты бірнеше жобасы бар. Солардың бірі қаладағы ескі үйлердің жағдайын дрондармен
бақылауға арналған. Яғни, арнайы мамандар әр үйді жеке-жеке араламай, бір
жерден дронды ұшырып қана жұмыс істей алады.
Абылай Адайұлы, ZIZ INC IT компаниясының
негізін қалаушы:
Дрон ұшып өткен кезде ғимараттардың 3D моделі жасалады. Сол 3D модель арқылы жасанды интеллект аналитика жүргізіп, нысанның қазіргі жағдайын және маңызды элементтерін бақылап отырады. Әр ғимарат бойынша барлық ақпарат бір жүйеге жинақталып, арнайы база ретінде сақталады.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Қазір құрылыста, басқа да ауыр жұмыстарда өндірістік қауіпсіздік мәселесі өзекті. Қазақстанда жылына 1000-нан астам адам жұмыста жарақат алады. Былтыр 10 айда 133 адам қаза тапқан. Сондықтан мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу маңызды.
Осы түйткілді шешуге бағытталған
жобаның бірі «Фрактал» деп аталады. Оны бірегей десек те болады.
Санжар Мырзаханов, ASPANS компаниясының
жасанды интеллект маманы:
Жалпы AI жобалар өте көп. Бірақ дәл өндірістік қауіпсіздік бағыты бойынша біз әзірге мұндай нақты аналогтарды көрген жоқпыз.Мысалы, бұл жерде бір инцидент тіркелген: 9 ақпанда слесарь-жөндеуші тайып құлап, жарақат алған. Жүйе осы жағдайға талдау жасап, оқиға болған жерде арнайы жүру жолы жасалмағанын көрсетіп отыр. Сонымен қатар, мұнда тексеру жоспары мен мәселені шешу жолдары да ұсынылады.
Бұл жасанды интеллект қателікті
табумен шектелмейді, қауіпті алдын ала болжай алады. Сіз өндіріс ошағынан фото
жүктеген сәтте ол аймақта не дұрыс емес екенін ескертеді.
Санжар Мырзаханов, ASPANS компаниясының
жасанды интеллект маманы:
Мысалы, өрт сөндіру кранын суретке түсіріп, мәліметтер базасына енгізесіз. Сырттай қарағанда бәрі дұрыс, жұмыс істеп тұрғандай көрінуі мүмкін. Бірақ бұл процесте сізге жасанды интеллект көмекші болады. Ол өз анализін жасап, мысалы, шлангта зақым бар екенін немесе ақау анықталғанын ескерте алады.
Өндірістік қауіпсіздікті қана
емес, мектептегі қауіпсіздікті де ЖИ-мен бақылауға болады. Мысалы, PROTECTOR AI
жобасын мектептердегі камеларға енгізіп, мониторинг жүргізе аласыз. Бұл
төбелес, қақтығыс немесе өрт секілді жағдайларды дереу хабарлайтын жүйе.
Қазіргі орнатылған камералар оқиға туралы бірден хабарлама жібермейді. Мысалы, төбелес немесе басқа жағдай болса, оны кейін адам келіп тексеріп, сол күнгі жазбаларды қарап барып анықтайтын. Ал қазір мұндай жағдай орын алса, жүйе оны бірден анықтап, 10 секундтың ішінде телефонға хабарлама жібереді.
Яғни, балалар арасында басталған төбелесті
дереу тоқтатуға ыңғайлы. Бұл мектептегі буллингтің алдын алуға да көмектесуі
мүмкін.
Егер белгілі бір оқушыға қатысты ескертулер жиі тіркеліп, жүйеден бірнеше сигнал келіп отырса, кей мектептерде ата-анасын алдын ала шақырады. Оларға видеожазбаны көрсетіп, «Сіздің балаңыз бақылауда тұр, осы мәселеге назар аударып, жұмыс жүргізуіңізді сұраймыз» деп ескерту жасалады.
Бұл жүйе іс-әрекетке қоса, эмоцияны
да таниды. Мысалы, бір баланың күніне қанша уақыт көңілсіз жүргенін, оның неше
күннен бері осындай күйде жүргенін талдап береді.
Айгүл Бейсенбина, Астана қаласындағы
№107 мектептің директоры:
Мысалы, көңіл күй айнасы арқылы адамның эмоционалды жағдайын бақылауға болады. Айталық, жүйе бойынша Айжан қауіп аймағында тіркеліп, үш рет ашулы күйде болғаны анықталған. Сондай-ақ оның нақты қай күндері эмоциялық өзгеріс байқалғанын көруге болады. Мысалы, 26–27 күндері аралығында Айжан үш рет ашуланған.
Бірақ әзірге балалар ойнап алысып
жатыр ма әлде шынында төбелесіп жатыр ма, соны анықтауда қателік жібереді. Мысалы,
қазір бір мектептен күніне 20 шақты сигнал келеді, оның көбі ойын болуы мүмкін.
Ал, болашақта балалардың ойнағанын да жібере бермес үшін, жауаптылар әр видеоға
«бұл агрессия» немесе «бұл ойын» деген секілді баға беріп отыруы тиіс. Баға
көбірек берілген сайын ол жақсы анықтайды Айта кету керек, қазір бұл жүйе Ұлттық ұланның
әскери бөлімдеріне де қойылған.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Біз бірнеше жобаны ғана көрсеттік. Солардың өзі көп проблеманы шешуге көмектесе алады. Ең маңыздысы, оларды сырттан күтіп отырудың қажеті жоқ. Керісінше, Қазақстандық жастардың IT өнімдері шетелге де шығып жатыр екен. Мысалы, былтыр стартаптардың жалпы сатылымынан 103 млрд теңге түскен. Бұл идеялардың тек зертханада қалып қоймай экономикалық өнімге айналғанын көрсетеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы