Басты Жаңалықтар Алакөл туристік маусымға дайын ба?

Алакөл туристік маусымға дайын ба?

Өткенде Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жетісу және Алматы облыстарына барып, Алакөл жағалауындағы жазғы туристік маусымға дайындық барысын тексерген. Ең басты мәселелер: тазалық, қауіпсіздік және халыққа сапалы қызмет көрсету. Жоңғар Алатауының баурайын, Алакөл жағалауын жайлап жатқан Ақши, Көктұмада негізі су шаю мәселесі өткір. Инфрақұрылым да жақсы емес. Ал демалыс маусымына сәл қалды.

Вице-премьердің инспекциясынан кейін Жетісу облысындағы меншікті тілші Нұрдәулет Сыздық атқарушы биліктен сұрады: дайынсыздар ма? Олар: дайындық қызу дейді.

Жоңғар Алатауының баурайын, Алакөл жағалауын жайлап жатқан Ақши, Көктұма ауылдарының тұрмыс-тіршілігі туризммен тікелей байланысты. Алайда елді мекендердің жағалауын су шайып, тұрғындар әбігерге түскен. Ал қонақ күтіп, кәсіп қылғандар үлкен шығынға батты. Мәселен, соңғы 30 жылда қос елді мекеннің 600 метрден астам аумағын қызыл су басқан. Ауылдағы ағайынның айтуынша, тұрғын үйлерден бөлек, туристік нысандар да опырылып түсіпті.

Мәселені шешу үшін екі кезеңнен тұратын көл жағалауын бекіту шаралары жүргізіліп жатыр. Бірінші кезеңде Көктұма ауылында биіктігі 6,5 метрден 14 метрге дейін 3,5 шақырым қорған салынады. Мердігер компания өкілдері жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр.

Асқар Жиынбаев, мердігер компания өкілі:

Екінші кезең – Ақшидегі 10,5 шақырым. Көктұма учаскесі 2026 жылдың соңында аяқталады. Ақши учаскесі 2028 жылы аяқталады.

Туристік аймақтағы өзекті мәселелердің бірі – инфрақұрылым желісі. Осыдан 7 жыл бұрын қоғамда резонанс тудырған бейнежазба көпшіліктің жағасын ұстатқан еді. Бүгінде Ақши ауылында 70 шақырымға жуық кәріз жүйесі тартылды. Қазір тазарту құрылғысы салынып жатыр. Алайда инфрақұрылым желісі тек келер жылы ғана қолданысқа берілмек.

Еркебұлан Тұрғанов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Кәріз желісін толық аяқтап, пайдалануға беру 2026 жылдың күзінде, қазан айының соңына дейін жоспарланып отыр. Ал оны толыққанды іске қосу 2027 жылдың туристік маусымына дейін жүзеге асырылып, 100 пайыз орындалады.

Туристік аймақтағы тағы бір өзекті мәселе – электр энергиясының тапшылығы еді. Әйтеуір биыл Ақши ауылына 60 шақырымға жуық электр желісі тартылып, қосалқы станция салынды.

Демалатын жерлердің қоқысқа толып жстатыны рас. Ол енді адамдарға да, коммуналдық қызметтерге де байланысты. Алакөл жағалауына қарайтын мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылды. Демалушылар да жинақы жүруі керек шығар…

Киім ауыстыратын орындар мен қоқыс жәшіктері жаңа туристік маусымда тапшы болмайды, дейді жауаптылар.
Маржан Садильдина, облыстық Туризм басқармасының басшысы:

Биыл қосымша 100 контейнер маусым басталғанға дейін қойылады. Сондай-ақ 25 санитарлық торап және 20 био дәретхана бар, ал биыл тағы қосымша 30 био дәретхана орнатылады. Демалушыларға қолайлы болу үшін киім ауыстыру бөлмелері де көбейтіліп жатыр. Қазіргі кезде 14 киім ауыстыру бөлмесі бар. Қосымша тағы 30 орнатылады.

Қонақ күтуді кәсіп қылған аймақтың биылғы туристік маусымға әзірлігі осы. Ендігі меже – ұзақ мерзімді жоспар. Алакөл ауданында түйіткілді мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. Қазір табиғаты шұрайлы аймақтың жарнамасын жасап, өзге өңірлерден саяхатшы тартатын туроператорлар жоқтың қасы. Өңірдің тарихын таныстырып, меймандарға жол көрсететін гидтер де саусақпен санарлық.

Дәуренбек Мұқабаев, аудандық Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

Ендігі кезекте облыс басшылығы басқа ірі жоғары оқу орындарымен келісімшарттарға отыруды, сондай-ақ өзге бағыттарды қолға алуы тиіс. Мұны қазірден бастап жүйелі жүргізбесек, жас мамандарды оқытып, даярлау жұмыстарын күшейтпесек, болашақта кадр тапшылығы ушыға түсуі мүмкін. Сондай-ақ қаладағы жоғары оқу орындарымен, колледждермен және орта арнаулы оқу орындарымен бірлесіп, гидтерді даярлау мәселесі өзекті болып отыр.

Туризмнің тірегі – көлік логистикасы. Бұл бағытта ауданда Талдықорған–Достық–Үшарал бағытындағы автожолдар жаңғыртылып, қатынас біршама жақсарған. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылып, жаңа терминал салу жобасы да әзірленді. Дегенмен, инфрақұрылым мен кадр, жағалау мәселелері толық шешілмейінше, бұл жетістіктердің тиімділігі толық сезілмеуі мүмкін. Алакөлдің әлеуеті зор, алайда оны жүйелі дамыту – уақыт күттірмейтін міндет.


Бөлісу