Басты Жаңалықтар Қарақабақ қалашығында археологиялық зерттеулер қайта жалғасады

Қарақабақ қалашығында археологиялық зерттеулер қайта жалғасады

Маңғыстауда екі мың жылдық тарихы бар Қарақабақ қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары қайта жалғасады. Мамандар мамыр айының соңына қарай қазба жұмыстарын жандандыруды жоспарлап отыр. Археологтардың айтуынша, Қарақабақ ежелгі заманда халықаралық сауда және қолөнер орталығы болған. Бұған қалашық аумағынан табылған Византия, Үндістан, Парсы және Қытай елдерінің тиындары мен қыш ыдыстары дәлел.

Қарақабақ қалашығы - Түпқараған ауданына қарасты Таушық ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан. Археологтар бұл аумақта 2017 жылдан бері зерттеу жүргізіп келеді. Нәтижесінде мұнда ерте заманда теңіз порты мен қолөнершілер шеберханалары болғаны анықталды. Қазба жұмыстары кезінде табылған алтын, күміс және мыс тиындар, түрлі мөр Қарақабақтың Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы болғанын көрсетеді.

Андрей Астафьев, археолог:

Көне қалашықтан Византияға тиісілі таза қорғасыннан құйылған сауда мөрін, Қытайдың көне тиындарын таптық. Бұл жәдігерлер қазақ халқы сол кезеңде тек мал шаруашылығымен ғана айналысты деген түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, осы жерде ірі өркениетті орталық болғанын дәлелдейді.

Мамандар осы кезге дейін Қарақабақ аумағынан 400-ге жуық жәдігер тапқан. Олар Ұлы Жібек жолы бойындағы қалашыққа теңіз арқылы кемемен әкелінген, дейді археологтар.

Нұртас Сали, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және Архив ісі басқармасының басшысы:

Рим ғалымы Клавдия Птолемейдің ІІ ғасырда түсірген Каспий теңізінің картасында «Аспабота» деп Каспийдің шығыс жағалауындағы қаланы осы Қарақабақ қалашығымен сәйкес деп отыр. Қалашықтың жалпы аумағы 12 шаршы шақырымды құрайды. Сондықтан бірнеше жылды алатын жұмыстар күтіп тұр.

Биыл Қарақабақ аумағында қазба жұмыстары қайта жанданады. Болашақта мұнда ғылыми-археологиялық база мен музей құру жоспарда.

Бөлісу