Мектепте радиоспорт үйірмесі жұмыс істейді
Елімізде баламасы жоқ, жалғыз радиоспорт үйірмесі Қостанай қаласында №11 мектепте жұмыс істейді. 60 жыл бойы балаларды байланыс саласына баулып келген клуб бүгінде әлемнің әуе толқынына да танымал.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Оқу ордасынан оқушылар әуе толқынына дәл осы жерден қосылады. Шағын ғана үйірме болса да, нағыз студия дерсіз. Мұнда олар радиотехнология саласының негізін үйренеді. Тіпті бұл жерден әлем елдерімен байланысқа шығуға мүмкіндік бар.
11-сынып оқушылары Азат пен Жанбике Ұлыбританиямен байланыс орнатты. Мұндай сәтте сигналды дұрыс тауып, айтылған кодты мұқият тыңдау аса маңызды. Себебі радиотолқын – ортақ кеңістік. Ал сәтті байланыс орнату үшін оқушылар түрлі термин мен техника тілін жетік меңгеруі тиіс.
Жанбике Сағадиева, оқушы:
Мен бес жыл бойы радиоспортпен айналысып келемін. Маған бұл өте ұнайды. Болашақты жұмысымды осы саламен байланыстырғым келеді. Инженер болғым келеді.
Үйірме жетекшісі Анатолий Ефанов зейнет жасынан асса да, қызметіне адал. 60 жыл бұрын өзі негізін қалаған клубқа бүгінде 20-дан аса бала қатысады. Оқушылары осы уақытқа дейін бірнеше халықаралық байқауларда топ жарып, үздік атанды.
Анатолий Ефанов, үйірме жетекшісі:
Біздің радиоаппаратура бар әлеммен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бізге еш кедергі жоқ. Бұл балаларға радиотолқындардың таралуы мен өту жолын зерттеп, түсінуге мүмкіндік береді. Ең басты мақсат – осы.
Радиоспорт – болашақ инженер-техник, ІТ мамандарды шыңдайтын бағыт. Биылғы түлек Азат пен Жанбике де осы саланың бірін таңдап, білікті маман иесі болуды мақсат етеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы