Басты Жаңалықтар Қазақстан – Түркия: Серіктестіктің жаңа кезеңі

Қазақстан – Түркия: Серіктестіктің жаңа кезеңі

Қазақстан мен Түркия президенттері мәңгілік достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды. Яғни арадағы алыс-беріс енді жаңа деңгейде дамиды. Әзірге басты мақсат - екіжақты сауда айналымды 15 млрд долларға жеткізу. Ол үшін бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылмақ. Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Анадолы елінің президенті Режеп Тайип Ердоғанды ресми қарсы алды. Қос мемлекет басшысы тағы қандай мәселелерді талқылады? 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бұл кездесудің символикалық мәні зор. Мемлекет басшысы Тәуелсіздігімізді алғаш болып мойындаған бауырлас елдің президентін Тәуелсіздік сарайында қабылдап жатыр. Айта кетейік, бұл – Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға алтыншы сапары.

Екі елдің тамыры бір, мүддесі ортақ. Қарсы алу рәсімінен кейін бірден келіссөз үстеліне отырған қос елдің президенттері бір-біріне ыстық ықыласын білдіріп, ілтипатын аямады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жоғары мәртебелі Президент мырза, қадірлі бауырым, Өзіңізбен Қазақстанның елордасында жүздескеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен, менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

Ең әуелі, бауырымыздың Атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін.

Түркия қазақ экономикасына 6 млрд доллар құйған

Түркия Қазақстанның сыртқы саясаттағы сенімді серігі һәм ірі инвесторы. Былтыр арадағы сауда айналымының көлемі 8,8 пайызға өсіп, 5,4 млрд долларға жетті. Мамандардың сөзінше, бұл экономикалық қарым-қатынастың жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. Анадолы елінің инвесторлары бүгінге дейін еліміздегі түрлі салаға 6 млрд доллар қаржы құйған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түрік елі – негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақтап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз.

Қазақстан да Түркияға 2,2 млрд доллар көлемінде инвестиция бағыттады. Еліміз Анадолыға қазірдің өзінде 34 тауар түрін экспорттауға әзір. Оның жалпы құны – 630 миллион доллардан асады. Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі таңда қазақ-түрік екіжақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатыр. Елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мемлекетаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығайып келеді.

Кеңес отырысында ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастыққа ерекше мән берілді. Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыздан асты. Енді агросектор бойынша Жол картасы қабылданбақ. Сонымен қатар тараптар Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға мүдделі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы түрік компанияларын Құрық пен Ақтау порттары арқылы жүк тасымалын арттыру жобаларына белсенді қатысуға шақырды. Қазақстан авиация саласындағы ынтымақтастыққа да басымдық береді. Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хабқа айналдыруды көздейтін TAV Airports Holding компаниясының бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қазір екі ел арасында 50 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде Каспий теңізінен мұнай өндіру жобасы бар.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Turkish Petroleum корпорациясымен тығыз ынтымақтастықта, яғни «Үлкен Жамбыл» жобасы бойынша барлық геологиялық ақпаратты түрік әріптестерімізге бердік. Олар қарастырып жатыр. Одан басқа біз «Баку-Тбилиси-Жейхан» құбыры арқылы биыл 1,7 млн тонна мұнай таситын Түркия Президенті «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапатталды.

Қос елге ортақ құндылық көп. Соның бірі һәм бірегейі ұлт руханиятының айнасы болған Қожа Ахмет Ясауи. Бұған дейін Президент мемлекеттік наградалар тізіміне «Qoja Ahmet Yasaui» медалін енгізу жөнінде айтқан болатын. Осы тұста Анадолыдан Астанаға арнайы келкен Түрік көсемі елдегі ең жоғары марапаттың тұңғыш иесі атанды.

Қазақстан – Түркия: Серіктестіктің жаңа кезеңі

Жалпы, екі ел де арадағы сауда айналымының көлемін 15 млрд долларға жеткізуге мүдделі. Бұл қазіргі көрсеткішмен салыстырсақ үш есеге көп. Десе де қос мемлекеттің бұл межені бағындыруға қауқары жетеді. Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер мәңгілік достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды.

Ертең Түркі әлемі киелі Түркістанда бас қосады. Бейресми жиынға Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған да қатысады. Саммитте «Жасанды интеллект пен цифрландыру» тақырыбы талқыланбақ. Заман талабына сай интеграция ұйымға мүше елдердің экономикасын ілгерілетіп, сыртқы саясаттағы салмағын арттыра түсеріне сенім мол.


Бөлісу