«Музей түні – 2026»: Тарих пен мәдениет тоғысқан кеш
Бүгін - халықаралық музей күні. Осыған орай бірқатар қалада «Музей түні» басталды. Алматыдағы Ұлттық музейде Алтын адам мен Томирис келушілерді қарсы алып, музей іші театр сахнасына айналды. Ұлттық орталық музейі ұйымдастырған дәстүрлі шараға мыңдаған адам жиналды. Көрмелер, тарихи қойылымдар мен концерттік бағдарламалар таңнан түнге дейін жалғасты.
Қуан Нұрақын, тілші:
Биылғы «Музей түні» келушілерге музейді мүлде жаңа форматта ұсынды. «Жанды музей» жобасы аясында қонақтар Алтын адам, Томирис, қазақ хандары мен Алдар көсе бейнесіндегі кейіпкерлермен жүздесіп, тарихи атмосфераны сезінді.
Кеште тұрғындардың дені – сирек жәдігерлер көрмесіне көп жиналды. Мұнда ғасырлық кілемдер, антикварлық бұйымдар, көне сағаттар мен бағалы фарфорлар қойылған. Ал Қазақ радиосы мен Шалқар радиосы тарихына арналған көрмеге келгендер «Алтын қордағы» тарихи дауыстарды тыңдады.
Сондай-ақ М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына арналған көрме заалында сахналық костюмдер мен сирек архивтік дүниелер таныстырылды. Музей түні думанға айналды десек болады. Музей алдындағы алаңда концерт, шеберлік сағаттары мен ұлттық ойындар өтіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени кештердің басты мақсаты – жастардың тарихқа қызығушылығын арттыру. Музей түнінің басталғанына 2 сағаттан асты. Келушілердің қатары қалың. Айта кетейін біз тұрған Ұлттық Музей бүгін сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы