Әлем таныған ақын
Бүгін әлем таныған ақын, Қазақстанның Еңбек Ері, лингвист-ғалым Олжас Сүлейменов 90 жасқа келді. Қоғам қайраткерінің мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Президент: «Сіз Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де көрнекті ақын, терең ойлы қаламгер әрі беделді қоғам қайраткері ретінде сый-құрметке ие болдыңыз. Бірегей шығармашылығыңыз арқылы қазақ халқының тарихи санасының жаңғыруына өлшеусіз үлес қостыңыз», - деп атап өткен.
Олжас Сүлейменов Алатаудың ақбас шыңдарына сүйенген Алматыда дүниеге келді. Асқақ шың ақын жанына еркіндік пен асқақ рух дарытқандай. Оның жырлары кең даланың самалы секілді еркін, найзағайдай өткір әрі қуатты, жүрекке сәуле құятын терең философияға толы.
Қалың елдің рухани ізденісіне айналған бұл еңбек – Сүлейменовтің «АЗиЯ-сы». Найзағайдай жарқ еткен туынды Кеңес одағының мәдени әрі ғылыми ортасын бірден өзіне қаратты.
Бауыржан Жақып, Ақын, филология ғылымдарының докторы:
Ол кісінің «Аз и Я» деген еңбегі 100 мың таралыммен таралып шығып, кезінде үлкен резонанс туғызып, оған дау айтылып, бірақ соның бәрін жеңіп шықты. Олжекеңнің өлеңдері орыс тілінде жазылғанмен біздің ұлтымыздың бүкіл тарихын, сол заманды бәрін жырлап кеткен.
Қазақ әдебиетінің кең тынысына 1960 жылдары ерекше серпінмен қосылған «Адамға табын, Жер енді» поэмасы еді. Бұл шығарма адамзаттың ғарышқа ұшқан ғажайып сәтімен тұспа-тұс келіп, рухани әлемде де жаңа дәуірдің басталғанын аңғартты. Ал алып ақынның Семей ядролық полигонына қарсы бағытталған «Невада–Семей» қозғалысы ұлт тарихындағы айрықша құбылыс еді.
Ғалым Қалибекұлы, Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
Семейдегі ядролық жарылысқа қарсы ол кісі «Невада-Семей» қозғалысының құруы сол арқылы бүкіл Кеңестер одағының үнін өшіруі, тотаритарлық жүйеге қарсы осындай ерлікке баруы ешкімнің қолынан келмейді.
Олжас Сүлейменов әр жылдары түрлі жауапты қызметтерді атқарып, қоғам өмірінің сан саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол еңбек жолы «Казахстанская правда» газетінде бастады. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы және Жоғары Кеңес депутаты ретінде де ел дамуына белсене араласты. Тоқсанның торқасына шыққан тарихи тұлғаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Сондай-ақ түркі дүниесіне қосқан айтулы үлесі үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев те жылы лебізін білдірді. Мерейтойға орай жыл соңына дейін «Аз и Я» фотоальбомын басып шығару жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы