Елімізде жылдың үздік 10 оқырманы анықталады
Елімізде жүйелі кітап оқитын жылдың үздік 10 оқырманы анықталады. Сондай-ақ 2027 жылға дейін елде бірыңғай қолжетімді ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылмақ. «Зерделі ұлт» қалыптастыруға бағытталған Президент жарлығының мәні қандай? Қоғамға қандай әсері бар?
Ернұр Медет, Тілші:
Соңғы деректерге сәйкес, ел тұрғындарының 80%-дан астамы кемінде бір әлеуметтік платформаны белсенді пайдаланады. Бұл Өзбекстаннан 2 есе, ал Қырғызстаннан 1 жарым есе көп. Әсіресе, TikTok желісі өте кең таралған. Қолданушыларының саны 17 млнға жуық. Бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азияда көшбастап тұрмыз. Ал бұл санайғақ қаншалықты көңіл қуантады?
Қызыл-жасыл қысқа контенттердің көңілді аулап, сананы арбайтыны рас. 15 секундтық мәнсіз бейнежазбалар адамзатты ойланудан алыстатып барады. Ал жаңа жарлық ұлттың интеллектуалдық иммунитетін күшейтуге бағытталған кешенді құжат. 2027 жылға дейін «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын бекітіледі. Оқу залдары жаңарып, заманауи сипатқа енеді. Сондай-ақ қолжетімді ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады.
Ғазиза Нұрғалиева, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры:
Қазір бізге «кітап оқу пайдалы» деген жалпылама түсініктен гөрі, осы тұжырымдама арқылы қалай оқу керек, қандай кітап оқу керек, қай жерде оқу керек деген дүниелерді рационалды көзқараспен нақтылап беру қажет. Бұрын кітап шығару автор үшін белгілі бір деңгейдің, сапаның көрсеткіші сияқты көрінетін. Ал қазір кез келген адамның кітап шығара беретін кезеңіне айналды. Сондықтан осындай бағдарламалар аса қажет. Оқырманға ұсынылатын дүниелер мазмұнына, ерекшелігіне, сапасына қарай белгілі бір сүзгіден өтуі керек.
Биыл күзден бастап «Жылдың үздік 10 оқырманы» анықталмақ. Бұл зейінді азаматтардың көп болуына ықпал етері анық. Сонымен қатар қаулыда баспа ісін дамыту және кітап сапасын реттеу мәселесі қамтылған. Одан бөлек, отандық әдебиетті қолдау және оны халықаралық деңгейде насихаттау да маңызды бағыт ретінде белгіленген. Бұл қазақ әдебиетін әлемдік кеңістікке шығаруға қалыптастыруға жол ашады.
Шыңғыс Мұқан, баспагер:
Жарлық біріншіден, баспа нарығын жандандырады. Екіншіден, жазушылар, қаламгерлер, ғалымдардың интеллектуал еңбегіне деген сұранысты арттырады. Жалпы Орталық Азияның интеллектуалдық әлеуеті мол және біз шетел әдебиетін, танымдық болсын, көркем болсын қазақ тіліне аударуды ғана емес, жалпы өзіміздің авторларды шетелге шығарумен айналысуға болатынына көзіміз жетті.
Мемлекет басшысы «Кітапхана және кітап ісі туралы» жаңа заң әзірлеуді тапсырды. Руханият бағының бағбаны болған жандардың мәртебесі көтерілмек. Алдағы уақытта кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін арнайы Ұлттық сыйлық та тағайындалады. Демек, бұл жарлықтың басты идеясы – оқуды қоғамның ажырамас бөлігіне айналдыру. Себебі «Кітап пен парашют дер кезінде ашылмаса, пайдасыз» деген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы