Экосаябақтың құрылысы басталды
Қарағанды қаласында жаңа экосаябақтың құрылысы басталды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 200 гектар аумаққа 1000-ға жуық ағаш отырғызылып, саябақ өңірдегі ең ірі жасыл желек алқабына айналды.
Қарағанды қаласында бой көтерген жаңа ауданда енді жасыл желекті экосаябақ салынуда. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мың түп – емен, алма, қарағай және қарағаш көшеттері егілді. Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев мұндай бастамалар келешек ұрпақ үшін үлкен мұра дейді.
Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысының әкімі:
Президентіміздің бастамасымен құрылған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қарағанды қаласында үлкен саябақ ашып жатырмыз. Көлемі 200 гектар, оның 150-і тал егуге арналған. Мына жерде көлдері бар. Бұл саябақ үлкен болғандықтан 4-5 жылда кезең-кезеңімен жүретін болады.
Экосаябақ құрылысы Қарағандының жаңа ауданын дамыту жобасының бір бөлігіне айналады. Қазірдің өзінде қос шағынауданды байланыстыратын айналма жол салынуда. Ал саябақтың қақ ортасында символдық ескерткіш тас орнатылған
Ардана Мырзанова, облыстық Волонтерлер фронт офисінің басшысы:
Керемет экопарктің тұрғызылуы үлкен қуаныш. Тағы да бір ауданның көркеюіне қосқан үлес деп білемін. Замандастарым кейін біз отырғызған ағаш деп мақтанып айта жүреді деп ойлаймын.
Алдағы уақытта мұнда серуендеуге арналған аллеялар, спорт алаңдары, веложолдар және барлық жастағы тұрғындарға арналған демалыс аймақтары салынбақ. Сонымен қатар бұл аумақта көлемі 72 гектарды құрайтын ірі спорттық кластер құру жоспарланған Бүгінде өңірде 6 саябақ және 100-ден аса скверлер бар. Биыл ол жерлерге 30 мың ағаш егілмек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы