Маңызды нысандардың құрылысы – Үкіметтің жіті бақылауында
Алматы әуежайы аумағындағы құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін шұғыл түрде аяқтау керек. Президент тапсырмасына сәйкес, шаһардағы бірінші теміржол вокзалының құрылысын да жеделдету қажет. Бұл жұмыстар қаланың көркін бұзып, туристерге жайсыздық тудырып жатыр. Мегаполистегі бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралаған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс пен жаңғырту жұмыстарын сынға алды. Вице-премьер қала өмірі үшін маңызды тағы қандай нысандарды аралады? Жұмысы кестеден кешіккен компанияларға қандай ескерту айтты?
Ұшақтан түсе сала Нұрлыбек Нәлібаев Алматы халықаралық әуежайын аралады. Әуежай жылына шамамен 14 миллион жолаушы қабылдауға қауқарлы. Осыған дейін көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға 93 млрд теңге инвестиция салынған. Үкімет басшысының бірінші орынбасары «Әуежайды жаңғырту – Президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстанды Орталық Азиядағы ірі авиациялық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған маңызды жоба» екенін атап өтті. Десе де, кейбір құрылыс жұмыстарының қарқыны баяу. Бұл жолаушыларға қолайсыздық туғызып жатыр. Бірінші вице-премьер жақында нөсер жауыннан халықаралық терминалды су басқан оқыс жағдайды да еске алды.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Бір мердігерге сеніп отырмаңыздар. Мына арада 24 сағат жұмыс жасап, жұмысты бітіру керек. Тамызды күтетін жағдай жоқ. Тағы да айтамын, күнде мына араға қаншама туристер келіп жатыр. Мәртебелі қонақтар келіп жатыр, мемлекет басшылары келіп жатыр. Ұят, қонғаннан бастап мынаның бәрі жайрап жатқаны өте ыңғайсыз. Сол үшін кемшіліктердің барлығын 1 шілде, керек пе, 10-20 мердігер қоясыздар. Өте сапалы жасайсыздар. 1 шілдеден кейін бір тамшы су ақпауы керек. Келетін кісілерге өте ыңғайлы болу керек. Қонақтарға, туристерге жағдайды жасайсыздар.
Күрделі жөндеу жұмыстары дәл қазір «Алматы-1» теміржол вокзалында да жүріп жатыр. Жоба былтыр наурыз айында басталған. Жаз мезгілінде вокзал тәулігіне шамамен 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Бірінші вице-премьер мұндай маңызды нысандағы жұмыс қарқынына көңілі толмайтынын, біраз кемшіліктің барын ашып айтты.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Бұл шынын айту керек, еліміздің тарихында бір мезетте 121 вокзал мұндай реконструкциядан өткен жоқ. Жаңадан мұндай вокзалдар салынған жоқ. Ал енді біз соған Мемлекет басшымыз қаражат беріп жасап жатқанда, біз дұрыс ұйымдастыра алмай жатырмыз. Қазақстан темір жолы және әкімдіктер. Мынау ұят, Үкімет басшысы да қатаң бақылауға алды. Тапсырма берді, күндіз-түні жұмыс істеу керек.
Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қатысты мәселенің бірі – жер телімдерін сатып алу жұмыстары. Бірнеше көшені осы айналма жолмен жалғау үшін қажетті учаскелерді рәсімдеу баяу жүріп жатыр. Мәселен, Сабатаев көшесі өтетін аумақта 410 жер телімінің тек 118-і сатып алынған. Нұрлыбек Нәлібаев бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды. Сапар барысында вице-премьер Алматыдағы екінші және үшінші жылу электр орталықтарында болып, ауқымды жаңғырту жұмыстарымен де танысты.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Биыл осыны бітіруіміз керек. Бұл жұмысты жүргізуіміз керек. Тез арада іске қосуымыз керек. Өйткені, бұл жұмысты қатты тапсырды. Үкімет басшысының да қатаң бақылауында. Мүмкіндік болса жылдың аяғына дейін бітіру керек. Ол үшін мына арада жұмысшыларды көбейту керек. Субподряд тартыңыздар. Атырау бола ма, Ақтау бола ма, Павлодар бола ма, қай жақта бар? Мықты мекемелерді алып келіңіздер. Осындай ТЭЦ салып жүргендерді осы жерге алып келейік.
Сапар аясында бірінші Үкімет басшысының бірінші орынбасары Индустриялық аймақтағы заманауи автокөлік кластерінің жұмысын да көрді. Қазіргі таңда мультибрендті автозауытта 1900 маман еңбек етеді. Кәсіпорын толық қуатқа көшкенде, жұмыс орындарының саны 3600-ге дейін ұлғаймақ. Зауыт жылына 120 мың автокөлік шығарады. Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев Алматы тау кластері жобасының жүзеге асырылу барысымен де танысты. Жобаға сәйкес шаһардың таулы аймағын әлемдік деңгейдегі, жыл бойы жұмыс істейтін туристік, спорттық және сауықтыру бағыты ретінде кешенді дамыту қажет. Мегаполистегі маңызды нысандарды аралаған бірінші вице-премьер барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қатаң тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы