LRT: Мамандар қауіпсіздік ережесін сақтауды ескертті
Жаңадан ашылған LRT-да қауіпсіздік ережесін сақтау керек. Жолаушылардың жауапсыздығы пойызды тоқтатуы мүмкін. Желіге жауапты компанияның мәліметінше екі күнде бұзақылықтар тіркелген. Сонымен LRT-мен жүру ережесі мен қауіпсіздік талаптары қандай? Нені ескерген абзал? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес біліп көрді.
Ал платформаға көтерілген кезде пойыздардың 4-5 минутта келетінін ескерген жөн. Есік ашылған соң ішіндегі жолаушылардың толық шыққанын күтіп барып, вагонға кіресіз.
Ермек Сыдықов, станция бастығы:
Вагонға отырғаннан кейін ішкі тәртіптер бар. Төтенше жағдайлар түймесін басуға тыйым салынады. Ол үшін құрамның ішінде машинистер бар, сол кісілер бақылап отырады. Қандай да бір көмек керек болса, сол кісілерге жүгінген дұрыс. Станция ішінде болса, біздің қызметкерлер бар.
Бұл – қауіпсіздік талаптары. Дегенмен ережені елемейтіндер бар. Мәселен, күні кеше LRT желісінде 30 минуттық техникалық кідіріс болды. Бұған жолаушылардың қауіпсіздік ережелерін бұзуы себеп болған. Нақтырақ айтсақ, жолаушылар шұғыл тежеу батырмасын негізсіз басып, есікті ішінен ашпақ болған.
Компания LRT жүйесі толық автоматтандырылғанын атап өтті. Сондықтан мұндай әрекеттердің барлығы жүйе тарапынан қауіп ретінде қабылданып, қозғалыс автоматты түрде тоқтатылады. Барлық заңбұзушылық бейнебақылау камераларына тіркеледі. Компания жазбалар полицияға беріліп, кінәлілер жауапқа тартылатынын хабарлады.
Асылбек Дүйсебаев, «City transportation systems» ЖШС басқарма төрағасы:
LRT іске қосылғаннан бері жолаушылар саны 180 мыңға жетті. Кеше 100 мың жолаушы болды. Бұл жолаушы өткізу мүмкіндігінен жоғары. LRT жүйесі толық автоматтандырылған және жүргізушісіз жүреді. Сондықтан ережелерді сақтауыңызды сұраймын.
Тұрғындар да мұндай заңбұзушылық қайталанғанын қаламайды. Өйткені LRT жүйесі Астананың көркін ашып қана қоймай, туристерге мақтанып көрсететін нысанға айналуы тиіс.
Ардаби Мәулетұлы, қала тұрғыны:
Мысалы, мен қазір жұмыстан шығып, Ұлттық музейден конгресс ұйымдастырып жатыр, соған байланысты жолға шығып жатырмын, машинамды тастап. Сонша ондаған жылдар бойы күткен дүниені олай кім көрінген шағып, бүлдіргені дұрыс емес. Олай болмайды, оны жабайылық деп есептеймін.
Компания өкілдері айтқандай, ереже бұзудан бөлек, жолаушылар саны толастамай тұр. Пойыздарға отырғандардың басым бөлігі бір жерге жетуді емес, жай ғана қаланы аралап, қызықтауды құп көреді. Салдарынан желіге шамадан тыс жүктеме түсіп жатқан көрінеді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
LRT – бұл аттракцион емес. Бұл – қаладағы кептелісті сейілтіп, жолаушыны діттеген жеріне іркілмей жеткізетін қоғамдық көлік. Осыны ұмытпайық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы