Басты Жаңалықтар 5 ЖЭО «қауіпті» аймақтан шықты

5 ЖЭО «қауіпті» аймақтан шықты

Елде бес жылу электр орталығы қауіпті «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты. Қазірдің өзінде келесі жылыту маусымына дайындық қызу. Ел бойынша 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев айтты. Былтыр жүзден аса нысанда жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде тозу деңгейі төмендеп, 53 пайыз болды. Сонымен қатар жылу электр орталықтарын бағалау тәсілі де өзгереді. Бұған дейін нысандар 4 өлшем бойынша бағаланса, енді 9 көрсеткіш негізінде сараланады. Яғни, талап күшеймек. Комитет төрағасының сөзінше, өткен жылыту маусымында ірі төтенше жағдайлар тіркелмеген. Дегенмен жұмысында кемшілік анықталған жылу орталықтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ержан Ертаев, ҚР ЭМ Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы:
Өткен жылы жылыту маусымында температуралық кестені сақтамау бойынша 21 факт тіркелді. Барлық 21 факт бойынша тиісті шаралар қабылданып, әкімшілік жазаға тартылды. Мысалға Степногорск, Өскемен, Риддер және Теміртау жылу орталықтарында сондай факті болды.


Бөлісу