Басты Жаңалықтар Заңды сақтау – жарқын болашаққа бастар жол

Заңды сақтау – жарқын болашаққа бастар жол

Заңды өмір – жарқын болашақ. Астанада осындай атаумен пробациялық бақылауда тұрған азаматтарға арналған профилактикалық іс-шара өтті. Мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алып, жазасын өтеген азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету. Шара барысында құқықтық кеңес беріліп, бос жұмыс орындары ұсынылды.

Бұл жолғы шара әдеттегіден өзгеше форматта ұйымдастырылды. Қатысушыларға заң мен тәртіп қағидалары құрғақ насихатпен емес, бейнероликтер, сахналық қойылымдар және өмірлік тәжірибелер арқылы түсіндірілді. Ұйымдастырушылар мұндай тәсіл адамның құқықтық санасын қалыптастырып қана қоймай, болашаққа деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді дейді.
Құралай Жанұзақова, «Жанұя» отбасын қорғау орталығы директорының орынбасары:
Осындай көлемде менің білуімше республикада бірінші рет болып жатыр. Бұл шараның үлкен мәні бар деп ойлаймын. Өйткені бұл жерде көп адамды жинап, басқа адамның кейс деп айтамыз әр ситуацияны, иә ол кейсті жақсы жағынан көрген кезде басқа адам көріп, өзіне ой салады деген ойдамыз.
Шара аясында ұлттық құндылықтар, рухани-адамгершілік тәрбие және отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері де кеңінен қозғалды. Мамандардың айтуынша, адамды қайта әлеуметтендіру тек құқықтық қолдаумен шектелмейді. Оның қоғамға бейімделуі үшін тұрақты жұмыс, әлеуметтік орта және ішкі мотивация да маңызды рөл атқарады.
Нұртас Дүйсенбаев, Астана қаласы прокуратурасының аға прокуроры:
Пробация есебінде тұрған барлық тұлғаларға заңмен қарастырылған көмек тізімдері бар. Сол көмек тізімдері заң аясында барлығы біріншіден есепке тұрғанда түсіндіріледі қандай көмек алуға болатыны. Жұмыссыз болса, жұмысқа бос орындар ұсынылады.
Іс-шараның практикалық маңызы да жоғары болды. 40-тан астам мекеме қатысқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, бірқатар азамат тұрақты қызметке орналасуға мүмкіндік алды.


Бөлісу