Басты Жаңалықтар Alatau City-де әуе таксиін көрсетті

Alatau City-де әуе таксиін көрсетті

Қазақстанда болашақтың көлігі сынала бастады. Бүгін Alatau City-де электр қуатымен ұшатын әуе таксиінің алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті. eVTOL деп аталатын жаңа буын әуе көлігі тік көтеріліп,  тік қона алады. Жоба авторлары бұл бастама Алматы агломерациясындағы көлік кептелісін азайтып, қалалық әуе мобильдігін дамытуға жол ашады дейді. Тақырыпты қазір ұшу алаңынан шығып тұрған әріптесім Қуан Нұрақын тарқатады.

- Қуан, әуе таксиінің мүмкіндіктері қандай екен?

Қуан Нұрақын, тілші:

Бұл – кәдімгі тікұшақ емес. Бірақ аспанға тік көтеріліп, бірнеше жолаушыны тасымалдай алады. Ұшқышсыз басқарылатын түрі де бар. Бүгін Alatau City-де Қазақстандағы алғашқы eVTOL (ай-ви-тол) аэротаксиі көпшілікке таныстырылды. Электр қуатымен қозғалатын аппарат экологиялық таза әрі, діттеген жерге жылдам жеткізеді. Тіпті 500 келі жүк көтере алады. Жобаға Қытай, Оңтүстік Корея, Италия және АҚШ компаниялары қатысып отыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай технологиялар алдағы жылдары мегаполистердегі көлік жүйесінің бір бөлігіне айналуы мүмкін.

Келлен Си, «Autoflight» компаниясының аға президенті /Қытай/:

eVTOL технологиясының басты артықшылығы – жоғары жылдамдық пен экологиялық тазалық. Бүгін көрген аппарат толық электр қуатымен жұмыс істейді, шу деңгейі төмен және қысқа қашықтыққа қатынауда өте тиімді. Біз 6 орынға арналған бұл жолаушылар моделіне 5 жолаушы мен 1 ұшқышқа орын қарастырылған. Аппарат сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұша алады және бір рет қуатталғанда 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсереді.

Қуан Нұрақын, тілші:

Шара барысында тек әуе таксиі ғана емес, болашақтағы қалалық әуе кеңістігінің толық экожүйесі көрсетілді. Оның ішінде жүк тасымалдайтын дрондар, цифрлық әуе қозғалысын басқару жүйесі және вертипорт инфрақұрылымы бар. Жобаны жүзеге асырып жатқан компания Қазақстан мен Орталық Азияда төмен биіктіктегі ұшатын әуе инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді. Болашақта мұндай аэротаксилер жолаушы тасымалына ғана емес, жедел жәрдем, логистика және туризм саласына да енгізілуі мүмкін.


Бөлісу