Басты Жаңалықтар Тараздағы су арнасына адамдар батып кетіп жатыр

Тараздағы су арнасына адамдар батып кетіп жатыр

Тараздағы Шөлдала тұрғын алқабында тұратын бұқара ағыны қатты арна маңынан өтетін оқушылардың қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Өйткені балалар суы сарылдаған канал бойымен сабаққа баруға мәжбүр. Сондықтан су жағасындағы жолсыздың бойына тротуар төсеп, арнаның жиегін қоршауды сұрайды. Тұрғындар талабы орындала ма, Данияр Әлімқұл тараптарды тыңдады.

Осылай өрекпіп аққан өткелдің суы шаһар шетін шиырлай кесіп, ары қарай алыстағы алқаптарға барады. Таудан құлаған суға дихандар дән риза. Алайда асау ағыс қаланың бүйрек тұсындағы бүтін бір алқап тұрғындарын алаңдатып отыр.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Шөлдалалық оқушылар осы көпір арқылы білім ұясына барады. Тұрғындар өткел өспірімдердің өміріне, қатынауына қауіпті дейді. Өйткені мектепге дейінгі қашықтықтың қос қапталына қоршау қойылмаған. Ал бұған дейін ағыны қатты арнадан адамдардың құлап, жарақат алған жағдайлар да жиі тіркелгенін айтады.

«Бескемпір» каналының жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асады.  Қасында 700-ден аса оқушы оқитын №70-ші білім ұясы бар. Бұқара мектеп маңынан өтетін тұсын қоршап берсе дейді. Кейбір ата-ана балаларын күн сайын көпірден өткізіп, қайтарда күтіп алады. Желді күні тіпті қиын. Сондықтан мұғалімдер де кезекшілікке шығып шаршаған. 

Гүлмира Әлиева, қала тұрғыны:

Үлкен адам да түсіп кетіп жатыр. Өткенде бір келіншек қайтыс болды осы жерде. Ол келіншек мына жерде келе жатқан еді. Сөйтіп анау жердегі трубадан түсіп кеткен ғой. Одан анау жерде бір ата кетті. Осы судан кетті. Жылына кетіп жатыр, қанша адам кетіп жатыр, ең қауіпті болып тұр бізге сол.

Мақпал Жүсіпбаева, мұғалім:

Балалар бір-бірін итеріп жіберсе каналға түсіп кетеді, ойнап өтеді балалар. Балалар жетті ме, жеткен жоқ па, барлығын біз әр ата-анаға хабарып сұрап біліп отырамыз. Әрине жұмыс, өйткені бізге ата-анаға да, ұстаздарға да жауапкершілік.
Қала билігі былтыр мектепке апаратын жалғыз аяқ жолға тротуар төсеу бойынша жоба жасаған. Қаржы қарастырылса күн құрғатпай кірісеміз дейді. Ал канал бойына қоршау қою үшін «Қазсушар»-ға хат жазған.
Нұрлан Олжабаев, Жібек жолы ауданы әкімінің орынбасары:
Былтыр жазып тастағанбыз. Каналдың бойына қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қоршау жұмыстарын «Қазсушар» мекемесіне хат жазылып, сол «Қазсушар» мекемесінің балансында болғандықтан сол кісілердің жұмысты атқаруын күтетін боламыз. Мемлекеттік бюджетке қарағандықтан олар да өздерінің ұсыныстарын жоғары министрлікке жолдады. Егер қаражат қарастырылған жағдайда сол жұмыстар жүргізілетін болады.
«Қазсушар мекемесі» жазбаша жауабында өткен жылы қоршау қою туралы хат жолданғанын растады. Осылайша әулиеаталық шенділер Есілдің сол жағалауына елеңдеп отыр. Қаржыдан хабар болмай, каналдың қашан қоршалатыны белгісіз дейді. Айта кетейік, аймақта ауылдар маңынан өтетін 9 су арнасы қоршауды қажет етеді. Былтыр барлық канал бойынша жоба жасалғанымен, құрылысқа қажетті 500 млн теңгеден астам қаржының әлі бөлінетін түрі жоқ.


Бөлісу