Сауалнама: Кітап оқисыз ба?
Қазақстандық қоғамдық даму институты ерекше әлеуметтік сауалнама жүргізді. Оған ел бойынша 2400 адам қатысқан. Жартысынан көбі бір жыл ішінде бірде-бір кітап оқымаған. Бұл – кітап оқу мәдениеті өзекті екенін көрсетті. «Сіз кітап оқығанды ұнатасыз ба?» деген сұраққа респонденттердің 46,8 проценті «иә», 48,5 пайызы «жоқ» деп жауап берген. Тағы 4,7 проценті жауап беруге қиналатынын айтқан. Сонымен бірге сауалнамаға қатысушылардың 50 пайыздан астамы жыл ішінде мүлдем кітап оқымағанан жеткізген. Қалғандары 3 кітапқа дейін, кейбірі 10 кітаптан көп оқимын, деп жауап берген. Ал «бос уақытыңызды қалай өткізесіз?» деген сауалға көпшілігі уақытын туыстарымен араласуға, үй шаруасына, әлеуметтік желі қарауға арнайтынын айтқан. Мамандардың пайымынша, цифрлық технологиялардың дамуы мен әлеуметтік желінің кең таралуы кітап оқуға деген қызығушылыққа кері әсер еткен. Дегенмен Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы бұл бағыттағы жұмысты күшейтуге мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы