Басты Жаңалықтар Қазақстан авиациясы дамудың жаңа кезеңіне өтті

Қазақстан авиациясы дамудың жаңа кезеңіне өтті

Қазақстаннан Нью-Йорк, Токио және Еуропаның бірнеше қаласына тікелей рейстер ашылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мәлім болды. Авиация саласында шешімін күткен мәселелер де бар. Сонымен қатар саланы цифрландыруға басымдық беріліп отыр. Толығырақ тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы баяндайды.

Қазір Қазақстанда 25 әуежай жұмыс істеп тұр. Президент тапсырмасымен жуырда тағы төртеуі ашылады. 973 әуе кемесі тіркелген. Бірақ бұл аздық етіп тұр, - деді Көлік министрі.

Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:

Қазір әлемдік авиациядағы басты мәселелердің бірі - ұшақ жетіспеушілігі. Жаңа ұшақты күту өте ұзақ: мысалы, бүгін тапсырыс берсе, оны тек 8-10 жылдан кейін алады. 2026 жылы 3 ұшақ сатып алынды. Осы жылдың аяғына дейін қазақстандық авиакомпаниялардың паркіне тағы 6 самолет қосылады.

Маман да тапшы. Бүгінде авиация саласында 20 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Дегенмен 500 білікті маманның орны бос. Осы орайда жуырда құрылатын авиациялық ғылыми-зерттеу институтына үміт мол.

Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

Қазіргі Парламентте авиациялық кадрлар даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер қаралуда. Олар халықаралық стандарттарды енгізуге, түлектердің еңбек өтеу міндеттемесіне және авиациялық ғылымды дамытуға бағытталған.

Әуе қатынастарына қатысты әзірленіп жатқан тағы бір заң жобасы ішкі тасымалды арттыруды көздейді. Атап айтқанда, жергілікті органдарға облысаралық рейстерді өз есебінен субсидиялауға рұқсат берілмек. Бұдан бөлек, тұрақты рейстерге қосылған құн салығы алынып тасталуы мүмкін. Цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінбек. Алдағы 5 жылда аэронавигациялық инфрақұрылым толығымен жаңартылады. Әуежайларда Q-Gate биометриялық тексеру жүйесі енгізілмек. Әуе жүктерін өңдеу үшін жасанды интеллектінің мүмкіндіктері пайдаланылмақ. Ал Алматы Алатау бағытында пилотсыз аэротакси қатынайды. Қазір сынақ жұмыстары басталып кеткен.

Қазақстаннан бүгінде әлемнің 30 еліне 135 бағыт бойынша әуе қатынасы бар. Биыл Астана – Ереван, Алматы – Шанхай, Атырау – Ташкент және Ақтау – Ереван бағыттары ашылды. Жыл соңына дейін Ұланбатыр, Гуанжоу, Ларнака, Ыстықкөл, Қашқар, Токио, Прага, Измир, Варшава бағыттарын қоса алғанда 11 жаңа маршрут іске қосылады. Сондай-ақ Үкімет басшысы елордадан алыс қашықтыққа рейстерді уақыт оздырмай ашуды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Еуропалық одақ елдері мен АҚШ-қа рейстер ашу жұмысын жеделдету қажет. Бұл ретте билеттер бағасы бәсекеге қабылетті болуға тиіс. Әсіресе Астанадан ұшатын халықаралық әуе бағыттарына ерекше назар аударған жөн.

Премьер-министр осы жылдың соңына дейін азаматтық авиацияны дамытудың 2050 жылға дейінгі мастер-жоспарын қабылдауды тапсырды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Авиация саласы – экономиканың ғана емес, елдің халықаралық әлеуетінің де айнасы. Қазір әлемде ұшақ та, білікті маман да тапшы. Соған қарамастан Қазақстан әуе кеңістігіндегі орнын нығайтуға кірісті. Жаңа бағыттар ашылып, әуежайлар жаңарып, транзиттік мүмкіндіктер кеңейіп келеді. Демек, көк жүзіндегі бәсеке күшейген тұста Қазақстан өңірдегі ірі авиахабқа айналуды көздеп отыр.


Бөлісу