Басты Жаңалықтар Жарты ғасыр жөндеусіз жатқан жол пайдалануға берілді

Жарты ғасыр жөндеусіз жатқан жол пайдалануға берілді

Жамбыл облысында жарты ғасырдан астам уақыт жөнделмеген жол ел игіліне берілді. Президенттің көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту тапсырмасымен ескі Күйік асуы 7 млрд теңгеге жуық қаржыға қайта жаңғыртудан өтті. «Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» халықаралық дәлізінің бұл бөлігі арқылы тәулігіне 20 мыңға жуық көлік қатынайды. Оның 5 мыңға жуығы ауыр жүктеліктері. 

Осылай күрделі жөндеуден өткен күре жол енді ел экономикасының тамырына қайта қан жүгіртіп, сауда қатынасын арттыруға сеп болмақ. Өзбекстаннан өтіп, қазақ жеріне қатынаған көліктер Қытайдың қырына дейін барады. Ал Жуалы жері таулы аймақ болғандықтан қатынауға ең қолайлы айналма асу – осы ескі Күйік. Өйткені қапталындағы жаңа Күйіктің жолы тым биік болғандықтан ауыр жүк артқан көліктердің өрге шығуы өте қиынға соғатын. 

Дархан Иманашев, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

Күйік асуын салғанда бұл нысан қажеттілігі жоқ болып есептелді. Бірақ пайдалануға тапсырылғаннан кейін көріп жатырмыз бұның қажеттілігі мол. Себебі тәулігіне 4,5 мыңнан астам жүк көлігі өтеді. Нысаннан өткен себебімен бізге оны ұлғайту қажет болды және қалпына келтіру қажет болды. 2024 жылдан бастап айналыса бастадық. 10 айдың ішінде осындай нәтижеге жетіп жатырмыз.

56 жыл бұрын қолданысқа берілген асу өз тарихында тек 3 рет орташа жөндеуден өткен. Ал күрделі жөндеу көрмегендіктен ошақ орнындай ор-шұқыры көп еді. Сондықтан Мәжіліс мінберінде мәселеге айналып, Сенат депутаттары сан мәрте сауал жолдады.

Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ескі асуды қайтадан күрделі жөндеуден өткізу бұл оңай жұмыс емес. Бұл жерде біраз жұмыстар халық ортасында сынға түскен болатын. Әсіресе ауыр көлік айдаған азаматтар тоқтап қалатын. Бұл жерде енді өзіміздің басты жолдың екінші былай келгендегі резерв жол табылып отыр. Міндетті түрде ертең өзіміздің транзиттік әлеуетті көтереді.

12 шақырымнан асатын тас жолды түрік компаниясы төседі. 7 млрд теңгеге жуық қаржыға жол жабындыларынан бөлек, құбыр жүйелері де салынды.  

Мұрат Будан, мердігер компания өкілі: 

130 мың тонна асфальт кетті. 420 мың текше метр жер төсемдері жұмыстарын жасап жатырмыз. Кішкене бір жұмыстарымыз әлі бар, апатты тұйықтар, бірақ негізгі жұмысымызды толық дайындап, бітірдік.

Енді ауыр жүк көліктерінің асудан асуы әсіресе қыстың күні мәселе тудырмайды. Жалпы биыл елімізде транзиттік жолдарды жаңғыртуға 5 трлн теңге бөлініп отыр.


Бөлісу