Балалар мерекесі барлық өңірді қамтыды
Бүгін еліміздің барлық өңірінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. Осыған орай саябақтар мен орталық алаңдарда концерттер, шығармашылық көрмелер мен түрлі танымдық алаңдар ұйымдастырылған. Мыңдаған бүлдіршін қатысып жатқан шараларда олардың өнері мен таланты көпшілік назарына ұсынылды. Балғындар мерекесі өңірлерде қалай өтіп жатыр? Тілшіміз баяндайды.
Шымкент
Шымкентте Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шаралар таңертеңнен басталды. Қаланың орталық саябағы балалардың шат күлкісіне толып, мерекеге мыңдаған тұрғын жиналды. «Бақытты балалық үшін» бағдарламасы аясында 1500-ден астам жас өнерпаз сахнаға шығып, концерттік қойылымдар ұсынды. Ал қолөнер шеберлері ұлттық мұраны насихаттайтын шеберлік сағаттарын өткізіп, балаларға дәстүрлі өнердің қыр-сырын таныстырды. Сондай-ақ бүлдіршіндер үшін сурет және фотокөрмелер ұйымдастырылды.
Қуаныш Ысқақов, қалалық білім басқармасының басшысы:
Әншілер, музыканттарды көріп отсыздар. Барлығы жұмылдырылып жұмыс атқаруда. Сонымен қатар біздің балалар үйінің 134 тәрбиеленушілері де қатысып отыр ісшараға. Оларға да көңіл күй сыйлап ерекше сыйлықтармен марапатталады.
Ақмола облысы
Ал Көкшетауда Балаларды қорғау күні жаңартылған «Жаңа жағалау» ашылды. Көл жағалауы нағыз отбасылық демалыстың мекеніне айналмақ. Бұл жерде түрлі мерекелік іс-шараларды өткізуге арналған амфитетар, балалардың қауіпсіз демалысы үшін спорт және ойын алаңдары жасақталған. Мерекеге орай облыс әкімі әлеуметтік осал топтағы 22 отбасына жаңа пәтер кілттерін табыстады. Сондай-ақ, «Болашақ» балаларды оңалту орталығы мен «Достар» мәдениет сарайына автокөлік сыйға берілді. Түрлі республикалық және халықаралық байқаулардың 15 шақты лауреаты ерекше марапаттарға ие болды.
Гүлсана Сәбитова, қала қонағы:
Мен осы жерге қонақ болып келдім. Өзім осы Көкшетаудың қонақжайлығына өте қатты қуанып отырмын. Осы балалар күніне арналған мереке керемет өтіп жатыр. Концерт, адамдардың керемет қатысулары бізге барлығы ұнап жатыр. Меркелеріңіз құтты болсын!
Қызылорда
Қызылордада балалар мерекесінде ботаникалық бақ ашылды. Заманауи орталықта тропикалық және субтропикалық өсімдіктің сан алуан түрі бар. Әлемнің әр түкпірінен әкелінген жасыл желекті жергілікті биолог-агрономдар күтіп-баптап, өсіріп жатыр. Ботаникалық бақтың суару жүйесі мен климаттық ауа-температурасы толықтай автоматтандырылған. Алдағы уақытта оқушылар білім көжиегін кеңейтіп, өсімдіктер әлемін кеңінен танитын болады.
Жансая Мейрамбекқызы, биолог-агроном:
Бұл жақта тек қана көрініс, көріп кету ғана емес мұражайдың рөлін ақтармайды. Бұл жақ білім беру, ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру түрлі жарыстар, түрлі олимпиадалар осы Қызылорда ботаникалық білім беру бағында жүзеге асатын болады.
Халықаралық балаларды қорғау күні бүгін еліміздің барлық өңірін қамтыған ауқымды мерекеге ұласты. Жауаптылардың айтуынша, бүлдіршіндерге арналған мерекелік іс-шаралар күні бойы жалғасады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы