Биыл Alatau City құрылысы басталады
Алматы облысының бюджетіне жыл сайын 100 млрд теңге кіріс кіреді. Соңғы төрт жылда аймақ қазынасы 2,5 есе ұлғайған. Тоғыз жолдың торабында орналасқан өңір қазір логистикадан бөлек фармацевтика сынды бұрын таңсық болған салаларды дамытуға мүдделі. Бүгін Президент аймаққа жұмыс сапарымен барып, экономикалық-әлеуметтік дамуымен танысты. Жиында Alatau City қаласының құрылысы биыл басталатыны айтылды. Сапар жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтсын.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бес жылдан кейін біздің де өз Сингапурымыз болады. Арман болған Alatau City-дің құрылысы биыл басталмақ. 276 800 шаршы метр аумақты алатын жаңа шаһарда заманауи бизнес орталықтар, мәдени нысандар мен қонақүйлер бой көтереді. Ал қақ ортадағы мына Iconic Towers криптоқаланың символына айналмақ.
Маңызды нысанды салуға Жапония мен Америка және Қытайдан мамандар шақырылмақ. Ал қазақстандық құрылыс компаниялары оларға көмектесіп, тәжірибе жинайды.
Хэн Файн Вонг, «Asia infrastructure solutions Singapore» компаниясының басқарма төрағасы, Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі:
Біз осы жылдың қазан айында осы бірегей қаланың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Корпоративтік кеңселер орналасатын алғашқы жеті блок 2026 жылға қарай пайдалануға берілуі тиіс. Ал сәулеттік келбетімен ерекшеленетін екі зәулім мұнараның құрылысы 2029 жылы немесе 2030 жылдың басында аяқталады деп жоспарлануда. Олардың ең биігінің биіктігі 272 метр болады.
Мамандардың айтуынша, жаңа шаһар ең алдымен контрмагнит, яғни қарсы тартылыс орталығына айналуы керек. Яғни, Алматы сынды жанама орналасқан ірі мегаполистің жүктемесін азайтады. Сондықтан заманауи қалаға көптеп инвестиция тарту керек деді Президент.
Аймақ бюджеті 2,5 есе ұлғайды
Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы да сөз болды. 2022 жылы қазіргі Жетісудан бөлініп, орталығы Қонаев болып бекіген өңірдің тірлігі түлеп, экономикасы қарыштап дамып келеді. Логистикалық мүмкіндігін пайдаланып, транзиттік тұраққа айналғаны тағы бар. Ресми деректерге сүйенсек, жергілікті қазынаға жылына 100 млрд теңге кіріс кіріп, бюджет санаулы жылда 300-ден 700 млрд-қа жеткен.
Өңір инвесторлар үшін тартымды, ал кәсіпкерлер үшін жайлы ортаға айналып келеді. Соңғы жылдары аймақта 120-дан астам өндіріс орны ашылған. Биыл олардың қатарына тағы 100 кәсіпорын қосылады. Өңір басшылығы құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, туризм һәм логистика саласын дамытып қана қоймай, жаңа бағыттарға бағдар алған. Соның бірі – фармацевтика.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
Биыл тағы да 100 өндіріс орнын ашамыз. Оның арасында ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, логистика, фармацевтика, құрылыс материалдарын шығару... Негізі фармацевтиканың өзі Алматы облысына жаңа бағыт болса да, оның өзінің үлесі қазіргі күні 7 пайызға жетті. Ал республикалық деңгейде 22 процент... Сол екінші орында тұрмыз.
Жалпы, өңір экономикасында оң динамика, тұрақты өсім байқалады. Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 17%-ға, инвестициялар көлемі 24%-ға, бөлшек сауда 13%-ға, ал көтерме сауда 25%-ға өскен. Президент осындай нәтижеге жетуге септескен бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы