Басты Жаңалықтар 1 жылда 188 жұмысшы өндіріс басында қаза тапты

1 жылда 188 жұмысшы өндіріс басында қаза тапты

Елде бір жылда 188 адам жұмыста жүріп қаза тапты. Тағы мың жарымға жуығы жарақат алған. Үкімет отырысында бүгін осы өзекті мәселе қаралды. Жауапты министрлік жұмысшылардың қауіпсіздігін күшейту үшін қандай бастама ұсынып отыр? Жанел Нұрболатқызы тарқатады.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Елде жыл сайын 200-ге жуық адам өндірісте қаза табады. Демек, екі күнде бір адам жұмыста жүріп ажал құшады. Тіпті одан да жиі. Соңғы жағдайлардың бірі  – 5 мамыр күні Казцинкте болған жарылыста 3  адам көз жұмды. Тағы 5 адам жарақат алды. Бүгін Үкімет отырысына компанияның бас директоры келді. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетілгенін хабарлап, қауіпсіздікті күшейту үшін іске асқан жұмыстарды баяндады.

Жанат Жанботин, «Қазмырыш» компаниясының бас директоры:

Бұл біз үшін орны толмас қаза. Қазіргі уақытта өндірістегі жұмыс барысына айрықша бақылау енгізілді. Жыл сайын 27 млрд теңгеден астам инвестиция салынады.

Директор компания апатқа дейін де қауіпсіздікке миллиардтап қаржы жұмсағанын жеткізді. Осы тұста Премьер-министр кәсіпорынды сынға алып, «Казцинктің көлемді қаржы бөлетіні жақсы, бірақ іс жүзінде мамыр айында болған оқиға сөзіңізді жоққа шығарды», деді. Бұдан соң компанияға қауіпсіздікті күшейтуді міндеттеді. 

Қазір елде 479 мың адам денсаулыққа зиян әрі қауіпті жағдайда еңбек етеді. Тау кен металлургия кешенінде (16%), құрылыста (10%) және мұнай-газ секторында  (5%) зардап шеккендердің үлесі әлі де көп. Дегенмен, қауіпсіздікті күшейту бағытында жақсы көрсеткіш бар, дейді Еңбек министрлігі. Жазатайым оқиғалардың саны шамамен 8 пайызға азайған.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Жыл соңына дейін мына көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланып отыр. Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарымен қамтылған кәсіпорындар санын 130 мыңға жеткізу, сондай-ақ өліммен аяқталған жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициентін 1 000 жұмыскерге шаққанда 0,31 деңгейіне дейін төмендету жүзеге асырылады.

Қауіпсіздікті күшейтуге жасанды интеллект көмектеседі

Сондай-ақ елдегі бірнеше шахтада жұмысты онлайн бақылайтын айти бағдарлама іске қосылды. Бұған дейін кеншілердің жер астында қай учаскеде жұмыс істеп жатқанын анықтау мүмкін емес еді. Енді 700 метр тереңдіктің өзінде геолакация көрінеді. Жүйе шахтадағы барлық техниканы да тексере алады. Яғни, құрылғылардан ақау шықса немесе шамадан тыс қызып кетсе, бірден диспетчерлер бөліміне хабарлайды. Ал еңбек инспекторлары өндіріс орындарына ескертусіз тексеріс жүргізеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Енді жұмыс берушілер кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауы қажет. Еңбек министрлігі өндірістік жарақат алу бойынша барлық ірі кәсіпорындардың басшылары үшін кипиай енгізуі қажет.

Демек, енді кәсіпорында жарақат алған әр жұмысшы үшін басшылықтың жалақысы кесіледі. Ал Өскемендегі жарылыс болған кәсіпорында «қауіпсіздікті айрықша бақылау режимі» енгізіліп, барлық учаске тексерілген. Төтенше жағдайлар министрлігі алдын ала тергеп тексеруге сүйене отырып, «Қазмырыш» зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуына байланысты болды деген  мәлімдеме жасады.


Бөлісу