Басты Жаңалықтар Шетелден келетін туристер саны 4 миллионға жетуі мүмкін

Шетелден келетін туристер саны 4 миллионға жетуі мүмкін

3 жылда Қазақстанға келетін туристер саны 4 миллионға жетуі мүмкін. Жауаптылар кешенді жоспар түзіп, бүгін министрлер кабинетіне таныстырды. Жаһандық туризм нарығында Қазақстан өз орнын қалай табады? Біз саяхатшыларға не ұсына аламыз? Жанел Нұрболатқызы тарқатады.

Еліміздің әр тасы тұнған тарих. Бүгінде 25 мыңнан астам тарихи мұра мен туристік аймақ ресми тізімге алынған. Бірақ оларды дәріптеу жағы кемшін. Жетуге жол жоқ, қызмет көрсету ойластырылмаған. Әуе және теміржол билеттері де тапшы. Десе де,  жауаптылар мұны реттеуге кірістік дейді. Туристік маусымға 191 қосымша вагон дайындаған. Билеттерді арзан бағада сатуды жоспарлап отыр. Жол жөндеу де қарқынды. Енді автокөлікпен Алматы - Өскемен бағытында әдеттегіден 4 сағатқа тез жетуге болады.

Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:

11 мың шақырым автожолда жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсай туристік аймақтарына апаратын бағыттар да қамтылған.

Министрлер кабинеті 61 қадамнан тұратын кешенді жоспар түзді. Соның бірі – биыл Бурабай курорттық аймағында 5 инвестициялық бастама жүзеге аспақ.  Жобаның құны 18 миллиард теңге.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

Тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі – жағажай туризмін дамыту. Щучинск-Бурабай курорттық аймағында Громотуха өзені арқылы өтетін көпір салу және курорттық аумақтағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет.

Премьер-министр өңір әкімдеріне демалушыларға арналған орындар тапшылығын реттеуді тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Туристік маусымның нағыз қызған шағында демалушыларды орналастыру үшін орын тапшылығы қатты байқалады. Көптеген адам арнайы жабдықталмаған демалыс орындарын пайдалануға мәжбүр. Өңір әкімдіктері шұғыл түрде шатырлар мен автоүйлерде кемпинг демалысқа арналған тұрақтардың немесе алаңдардың тиісті инфрақұрылымын қамтамасыз етуі қажет.

Жоспар ойдағыдай іске асса, 3 жылда ішкі туристер саны 11 миллионға, шетелден келетіндер саны 4 миллионға жетуі мүмкін. Айтпақшы, министр сөз арасында «Болашақ» ойындарының Астанада өтетінін хабарлады. 29 шілдеде елордаға 50 елден 900-ге жуық спортшы келеді деп жоспарланып отыр.


Бөлісу