Құрық портының әлеуеті артып келеді
Маңғыстауда Құрық портында астық терминалының қуатын арттыру үшін қосымша 16 қойма салынып жатыр. Соның арқасында терминалдың астық сақтау сыйымдылығы 51 мың тоннаға дейін ұлғаймақ. Бұл Мемлекет басшысының еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және транзиттік жүк тасымалын ұлғайту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асып жатқан маңызды жоба. Нәтижесінде порт арқылы тасымалданатын астық көлемі артып, халықаралық сауда-экономикалық байланыстар нығая түспек.
Құрық портындағы астық терминалы осыдан екі жыл бұрын іске қосылды. Мұнда әрқайсысының сыйымдылығы бір жарым мың тонналық 16 қойма жұмыс істеп тұр. Терминалдың жылдық қуаты – 1 миллион тонна. Осы межеге жету үшін тағы да 16 қойма салынып жатыр. Олар іске қосылғанда терминалда бір мезетте 51 мың тоннаға дейін астық сақтауға болады.
Бақыткерей Әлібеков, Құрық порты директорының орынбасары:
Жылына миллион тонна қуаттылығы және сол қуаттылыққа жету үшін қазір екінші қатар қойма салып жатыр. Сонымен 32 қойма болады. Мына цестерналардың құрылысы екінші кварталдың сонына дейін бітуі керек. Астықтың арпа, бидай түрлерін негізінен Иран мемлекетіне жібереміз. Арасында Әзербайжан еліне де тасымалданады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Құрық порты бүгінде еліміздегі маңызды көлік-логистикалық тораптардың біріне айналған. Өткен жылы мұнда 2 миллион тонна түрлі жүк өңделсе, биыл бұл көрсеткішті 3 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.
Порт арқылы экспорттық, импорттық және транзиттік жүктер тасымалданады. Олардың қатарында мұнай және мұнай өнімдері, астық, металл, мұнай-химия өнімдері мен түрлі техника бар.
Еркін Нығметов, Құрық портының директоры:
Порттың қазіргі қуаттылығын арттыратын бірнеше жобамыз бар. Соның бірі - жүк өңдеу көлемін ұлғайту үшін айлақтарды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса, жекеменшік компаниялар сатып алған паромдарды күтіп отырмыз. Олар биылғы жылдың үшінші тоқсанында Құрық портына келеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде порттың жүк өңдеу және тасымалдау мүмкіндігі айтарлықтай артады.
Құрық порты – Қазақстанның Каспийдегі стратегиялық теңіз қақпаларының бірі. Мұндағы инфрақұрылымдық жобалар елдің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық жүк тасымалының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы