Балалар арасында танымал бабл-ти сусынының зияны қандай?
Аллергия, қант диабеті, семіздік. Балалар жазда сүйіп ішетін көпіршікті сусыннан келер қауіп осындай. Бұл туралы дәрігерлер айтып отыр. Себебі оның кей түріндегі қант мөлшері энергетикалық сусынның құрамымен бірдей. Тәтті өнімнің зиянын әріптесім Назерке Өтеген зерттеп көрді.
Тәтті сусындардың тұтынушысы көбіне балалар. Сұрайды, алып бермесең жылайды. Ата-аналар уәжі осындай.
Назерке Өтеген, тілші:
Сусынды көбі мына қара түйіршіктері үшін ұнатып алады. Бұл тропикалық өсімдік тамыры. Тапиока деп аталады. Крахмалы өте көп. Оның зиянына кейін тоқталамыз. Бастапқы қалпы, міне, осындай болады. Кейін қуырылады, қант пен түрлі тәтті қоспалар қосылады. Бір шыны сусында 20-50 грамм қант болуы мүмкін. Кейбір түріндегі мөлшері тіпті энергетикалық сусындағыдан да көп, дейді мамандар.
Ал қантты көп тұтыну жасөспірімнің мазасыз күйін 34 пайызға дейін көтеруі мүмкін. Биыл бірнеше зерттеуге жасалған мета-талдау нәтижесі осындай. Ғалымдар мұны қандағы қант деңгейінің күрт көтеріліп, кейін тез төмендеуімен байланыстырады. Мұндай өзгерістер баланы ашушаңдыққа әкеліп, шаршауды күшейтеді.
Айдана Аязбекқызы, педиатр:
Қазір әсерінен артериялық қан қысымы көтерілген науқастар көп. Жасөспірімдерде екінің бірінің қан қысымы жоғары десек болады. Олар өздері байқамайды. Кейбір ата-аналар байқап қалған жағдайда қан қысымы 150-160-қа дейін жоғарылап кетіп жатқандары бар. Инфаркт жасарды деген осыдан басталып жатыр.
Тәтті өнімді жиі тұтыну қант диабетінің артуына да себеп болады.
Бақытжан Бейімбетов, гастроэнтеролог:
Инсулинге тәуелсіз болып қалады. Ол әрі қарай ұзақ, жиі қолданған кезде қант диабетіне, семіздікке алып келуі мүмкін. Оның құрамына сүт қосылады. Көбінесе сиырдың сүті қолданылады. Немесе өсімдік сүті қолданылуы мүмкін. Сиырдың сүтін алатын болсақ, оның құрамында козеин өте көп. Ол көп жағдайда аллергия тудырады.
Құрамында крахмал болғандықтан, ас қорыту жүйесіне де әсері ауыр дейді мамандар. Ал қара түйіршіктердің тыныс жолына немесе өңешке тұрып қалу қаупі басым. Сол үшін 3-4 жастағы бүлдіршіндерге берерде сақ болу қажет. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары бүгінге дейін шағым түспегенін айтады.
Аяулым Тасқынғали, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
Егер де қандай да бір тамақтану орнында санитарлық талаптарға сәйкессіздіктер анықталатын болса, онда тұрғындар санитарлық бақылау орындарына жүгіне алады. Ол жерде мәтін түріндегі арыз-шағым емес, дәлелдейтін фото, видео материалдар тіркелуі тиіс. Шағым жазған кезде ол жердің толық атауын, мекенжайын дәлелдеме құжаттармен бірге тіркеп, жолдауы тиіс.
Назерке Өтеген, тілші:
Баланың бойына сіңген ас оның тәніне қуат беріп қана қоймай, танымы мен талғамын да қалыптастырады екен. Сондықтан жасына жетпей ашушаң, жүйкесі әлсіз жеткіншектер жайлы сөз қозғамас бұрын әуелі олардың күнделікті не ішіп-жеп жүргеніне де көңіл бөлген жөн.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы