Басты Жаңалықтар Қазақ жокейі Еуропаны мойындатты

Қазақ жокейі Еуропаны мойындатты

Бүгін Ұлттық арнадан сағат 14:15-те «Қазақ жокейі» деректі фильмі эфирге шығады. Фильм қазақтан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі шабандоз Бауыржан Мырзабаев жайында ой толғайды. Бауыржан Чехия мен Германияда чемпион атанып, халықаралық бәйгелерде рекорд орнатып,  Қазақстанның атын шығарып жүр.

Жетісу өңірінде дүниеге келген Бауыржанның атқа деген қызығушылығы бала кезінен басталған. 7 жасында бәйгеге шауып, кейін Чехияның жокейлер мектебінде оқып, лицензия иеленді. 2012 жылдан бүгінге дейін ол мың бәйгеге қатысқан. Ұлттық рух пен қажырлы еңбектің арқасында оның есімі әлемдік ат спорты тарихында алтын әріппен жазылды.

Бауыржан Мырзабаев, Халықаралық деңгейдегі шабандоз:

Жокейдің өмірі, балаларға сендер жылына бір рет ораза ұстасаңдар, мен он бір ай ораза ұстаймын деп айтып отырамын. Сол сияқты бұл жерде салмақ қуу өте қиын. Күнделікті дисциплина, күнделікті қандай тамақ, қандай калория жеп жатырмын соның бәрін санап жүруім керек. Күнделікті спорт, одан қалса жұмысың бар, одан қалса жарыстарың бар.

Темірдей тәртіп пен кәсіби шеберлігінің арқасында Бауыржан Еуропаның үздік жокейшісі атанды. Чехияның 3 дүркін, Германияның 4 дүркін чемпионы болып, әлемдік рекордты жаңартты. Халықаралық ат спорты басылымдары қазақ баласының жетістіктері жайлы күн сайын жарыса жазады. Бапкерлері мен әріптестері ұшқыр бәйгеде Бауыржанның шашасына шаң жұқтырмайтын шабандоз екенін мойындайды.

Михал Абик, шабандоз:

Бауыржанды 13-14 жылдан бері танимын. Чехияда бәйгелерге бірге қатыса бастадық кезінде. Өте жақсы адам, мықты жокей. Аттың сырын жақсы біледі. Нағыз жокей қандай болу керек деген қасиеттің бәрі бір бойынан табылады.

Қазақ халқының ежелден ат баптаған, тастақым шабандоз ұлт екенін Бауыржан көпшілікке дәлелдеп, байрақты бәсекелерде көк туды желбіретіп жүр. Ендігі көздегені шет елде жиған мол тәжірибесін ел игілігіне пайдалану.

Бауыржан Мырзабаев, Халықаралық деңгейдегі шабандоз:

Бұл кәсіп көп адамға жұмыс береді. Сосын қаражаты бар адамдар ақшасын құр банкте ұстамай, атқа салып, біраз адамдарға жұмыс беретін кәсіп бұл. Ол Қазақстанда дамып жатса, ат спорты, әрине жокей мектебін ашуға да, қалай істеуге де қиын нәрсе емес. Біріншіден біздің ат спортымыз дамуы керек.

Қазақстандық балғындарды жокейлікке баулып, ат спортын дамытуға Бауыржан құлшынып отыр. Тек «Үкіметтен қолдау болса»,-дейді. Тағы бір арманы - Францияда өтетін халықаралық «Салтанат қақпасы» ат бәйгесінің жеңімпазы атану. Дүбірлі додаға дайындықты бастамас бұрын, күзде елге барып, жылқының етін жеп, қымыз ішіп, бой жазып қайтпақ ниетте.


Бөлісу