Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Америка Құрама Штаттары Иранға қарсы санкцияларды жеңілдетіп, оның мұнайы мен мұнайхимия өнімдерін тамыздың 21-не дейін сатуға рұқсат берді. Бұл шешімнің түпкі мақсаты – Тегеранмен біржолата бейбіт келісім жасау. Ал Ормұз бұғазынан өтетін кемелер саны көбейіп келе жатқандықтан, әлем нарығында мұнайдың Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 0,6 пайызға арзандап, 77 доллар 47 центке сатылып жатыр.

Францияның басым бөлігінде ауаның температурасы 40 градусқа дейін көтеріліп, 54 департаментте қауіптің қызыл түсі жарияланды. Бұл мемлекетте мұндай ыстық 1947 жылдан бері алғаш рет болып отыр. Ел премьер-министрі Себастьян Лекорненің дерегінше, маусымның 18-нен бері бүкіл елде тұрғындар салқындау үшін өзендер мен каналдарға секіріп, 40 адам суға батып қаза тапқан.

Конго Демократиялық Республикасының шығысында Эбола вирусын жұқтырғандар саны мыңнан асты. Солардың 254-і қайтыс болған. Мұны осы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлап отыр. Оның өзге бір дерегінше, мамырдың 15-нен бері 100 шақты тұрғын жұқпалы індеттен жазылып шыққан. Әзірге Эболаның Бундибугйо штаммына қарсы не вакцина, не дәрі дайын емес. Болжамдарға қарағанда, бұл ауруға шалдыққандар қатары ресми сандардан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Әлемде чип өндіруден алдыңғы қатарда тұрған оңтүстіккореялық SK Hynix компаниясының нарықтық құны 1,3 триллион долларға жетіп, Samsung Electronics-ты басып озды. Жасанды интеллект саласы қарыштап дамып, жоғары жылдамдықты микросхемаларға сұраныс артқандықтан, бұл фирма акцияларының құны биылдың өзінде 340 пайызға өскен екен.



Бөлісу