Басты Жаңалықтар Жетісу жерінен көне өркениеттің ізі табылды

Жетісу жерінен көне өркениеттің ізі табылды

Жетісу жерінен көне өркениеттің ізі табылды. Қапал ауылының маңындағы археологиялық қазба жұмыстарынан ғалымдар ортағасырлық шаһардың орнын анықтады. Мамандардың айтуынша, бұл мекен Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды сауда нүктелерінің бірі болған. Қазір зерттеушілер қаланың құрылымы мен тұрғындарының өмір салтын зерттеп жатыр. Археологтар қандай тың деректерге қол жеткізді? Нұрдәулет Сыздық айтып берсін.
Қапал тауының етегіндегі көне шаһар Х–ХІІ ғасырларда-ақ тіршілігі қайнаған орталық болған. Алайда ғалымдар бұл тек алғашқы зерттеу нәтижелері екенін айтады. Мамандар қаланың негізі бұдан ертерек қаланған болуы мүмкін деп болжайды. Көне қоныстың аумағы ат шаптырым. . Шаһристан бөлігінің көлемі шамамен 5 гектарға жетсе, бай-бағландар мен билеушілер мекендеген цитадель жарты гектар жерді алып жатыр.
Акбар Ерғабылов, археолог:

Осы Қапалдың жолында мықты бір қалашық, абыройлы қала болған деп айта аламын. Бұл жерде өзінің басшысы болған. Салыстырмалы түрде 2 мың -1,5 мың адам тұруы мүмкін.
Археологтар көне қаланы үш жылдан бері зерттеп келеді. Осы уақыт ішінде екі мыңнан астам жануардың қаңқасы табылған. Оның ішінде сиыр мен ұсақ мал сүйектері көп. Сондай-ақ жабайы аңдар мен иттердің қаңқасы кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жергілікті халықтың егін егіп, мал бағып қана қоймай, аңшылықпен де айналысқанын аңғартады.
Нұрназар Ғалымжан, археолог:
Қолөнер де жақсы дамыған. Яғни, анықталған сүйектердің ішінде сүйектен жасалған біздер, одан бөлек керамиканың сыртына өрнек салуға арналған өңделген сүйектерді анықтап отырмыз.
Самат Шәкенов, археолог:
Арпа, тары, бидайдың қалдықтары табылды. Және де біз анықтамаған, оны әлі зертханалық жағдайда анықтау керек, бір жемістің сүйегі де табылған болатын.
Қапал аймағы археологтар үшін ерекше маңызға ие. Себебі бұл өңірде әртүрлі тарихи кезеңдерге жататын 70-ке жуық қоныс орны анықталған. Оның ішінде Неолит дәуірінен қалған қорымдар да бар
Көне қаланың іргесінде қос бірдей керуен сарайы орналасқан. Сондай-ақ кесенелер мен зираттардың да орны бар. Мамандардың сөзінше бұл шаһардың өз заманындағы маңызды аймақ болғанын көрсетеді. Ендігі міндет жер қойнауына кеткен қаланың даңқын қайта көтеру. Ол үшін зерттеу жұмыстары үздіксіз жалғасуы керек.

Бөлісу