Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысының атынан отандық үздік БАҚ өкілдері марапатталды

Мемлекет басшысының атынан отандық үздік БАҚ өкілдері марапатталды

БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңда Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент атынан бірқатар сала мамандарына мемлекеттік наградаларды табыстады.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысының сөзін мысалға келтірді. «Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады,-деді Премьер-министрдің орынбасары.

Аида Балаева үздіктерге «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы да табысталды.

Әлия Шермағамбет, диктор-журналист, «Шапағат» медалінің иегері:

Қуанып, толқып тұрмын, өйткені бүгін менің осы ақпарат саласындағы 20 жылдық еңбегім еленіп жатыр. Мемлекет басшысы, министрлік марапаттап жатыр, бұл біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан алғысымды білдіремін. қызығы мен шыжығы, қуанышы қатар жүретін ақпарат майданындағы әріптестерімде де шын жүректен меркемен құттықтаймын.

Мемлекеттік наградаларға ақпарат саласын дамытуға елеулі үлес қосқан журналистер, редакторлар, продюсерлер, тележүргізушілер, фототілшілер мен отандық журналистиканың ардагерлері ие болды.

Советхан Жағиев, Журналистика ардагері, «Ерең еңбегі үшін» медалінің иегері:

Негізі операторлардың еңбегі өте күрделі, қызықты, бірақ та көп жағдайда біз кадрдан тыс қалып жатамыз да, қазір еңбегімізді елеп, құрметтеп жатқанына өте қуаныштымын.

Бүгінде елімізде медиа саласын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. 2023 жылы цифрлық платформалардың қызметін реттеуге және интернет-жарнама нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң қабылданды. Ал 2024 жылғы маусымда күшіне енген «Масс-медиа туралы» Заң саланы дамыту үшін заманауи құқықтық жағдай қалыптастырып, сөз бостандығының кепілдіктерін нығайтты. Ал, 1 шілдеден бастап күшіне енетін Жаңа Конституцияда сөз бостандығының, ақпарат алу құқығының және дербес деректерді қорғаудың кепілдіктері күшейтіліп, ашық әрі жауапты ақпараттық кеңістікті дамытуға берік негіз қаланды.  Бүгінде Республикада 5-мыңнан аса бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3 мыңнан астамы мерзімді баспасөз басылымы, 253 телеарна, 97 радиостанция, сондай-ақ мың жарымға жуық ақпарат агенттігі мен желілік басылым бар.


Бөлісу