Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медиа саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау одан әрі арта түсетінін айтты. Осыған дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда тек Астана қаласының өзінде 200 журналист баспаналы болған еді. Енді Президент бұл бастаманың ауқымын аймақтарға қарай кеңейтуді тапсырды.

Өңірлердегі БАҚ өкілдеріне де баспана беріледі

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен сапалы хабар тарату жолында күндіз-түні еңбек етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегі еленуі тиіс. Осы тапсырма аясында биыл алғаш рет облыстарда қызмет ететін журналистерге де пәтер кілттері табысталады. Биыл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкері баспаналы болмақ.

Ғалымдар түйе сүтін көбейтетін жусан негізіндегі жаңа жем түрін жасады

Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жусан негізіндегі биологиялық белсенді қоспасы бар, сауын түйелерге арналған алғашқы отандық экструзияланған құрама жемді әзірледі. Бұл әзірлеменің елімізде баламасы жоқ және оның тиімділігі ғылыми зерттеулер барысында дәлелденді. Ерекшелігі — Қазақстан аумағында кең таралған жусан өсімдігі негізінде дайындалған биологиялық белсенді қоспаны пайдалануында.

Тұрғындар елік лағын құтқарды

Павлодар облысында жол жиегінен табылған елік лағын тұрғындар құтқарып, орман шаруашылығы мамандарына тапсырды. Қазір жануар арнайы орында күтімде, сиыр және ешкі сүтімен қоректеніп жатыр. Орманшылар оны күзге дейін бағып, кейін табиғи мекеніне жібереді.

Ақтөбеде стадион құрылысы қарқын алды

Ақтөбеде 35 мың жанкүйер сыятын стадионның құрылысы қарқын алды. Халықаралық деңгейдегі нысан шаһардың «Алтын орда» ауданында салынып жатыр.

Қазір мұнда 152 адам жұмыс істеуде. Құрылыс жұмыстарының ең қызған кезінде 700 адамға дейін жетеді. Жоспар бойынша 34 мың 980 көрерменге арналған стадионның құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай келер жылдың соңында аяқталмақ.


Бөлісу