Президент атынан БАҚ өкілдеріне 66 пәтер берілді
Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының атынан биыл бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ қызметкеріне 66 баспана берілді. «Dara» Президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада Президент кеңесшісі-Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров, медиа мамандарын мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен БАҚ қызметкерлеріне пәтер беру бастамасы биыл төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл игі жобаның биылғы ерекшелігі, пәтерлер Астанада ғана емес, Алматыда, сонымен қатар еліміздің барлық облысында да беріліп отыр. Тіпті орталықтан шалғай елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Айбек Смадияровтың сөзінше, бұл жолы Қостанай облысының Арқалық қаласында және Түркістан облысының Созақ ауданында тұратын сала мамандары да үйлі болды. 66 пәтердің 15-і Астана, тағы 15-і Алматы қаласында берілсе, қалған 18 аймақта 2 пәтерден бөлінді. Үміткерлерді анықтау, пәтерлерді даярлау жұмыстарын «Dara» Президенттік бастамаларды қолдау қоры, Президенттің Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ редакциялары бірлесе жүргізді. Атап өтерлік жайт, өткен үш жылда Президент атынан баспана БАҚ саласының 200 қызметкеріне бұйырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы